Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті

Айбек Қоршат – Ақжар аудандық жермқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Өткен жылы Май ауылдық округінің әкімі Ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы мемлекет қаржысын өз туыстарының атына заңсыз аударып алған. Ол жұмысынан айрылды. Басқа екі қызметкер бір адамға субсидияны екі рет өткізіп жіберген.

Айбек Қоршаттың айтуынша, өткен жылы ақжарлықтардан 32 шағым қабылданыпты. Оның ішінде парақорлыққа қатысты мәселелер болмаған. Алайда, Ақжар ауданындағы қоғамдық кеңес кейбір фактілерді жасырып қалуы мүмкін дейді бүгінгі отырысқа қатысушылар. Өйткені, аталмыш ұйым мүшелерінің 50 пайызы мемлекеттік қызметкерлерден жасақталыпты. Өзге аудандардағы институттар да өз жұмыстарын тиісті дәрежеде атқармай отырған көрінеді.

Еркебұлан Мамбетов – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жасап, заңбұзушылықтарды болдырмау амалдарын қарастыру керек. Сіздер мекемелерде болып жатқан кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оны түзету бойынша бөлім басшыларына тиісті ұсынымдар жолдауға тиістісіздер. Алайда мен бұл шарулардың қажетті деңгейде орындалмай жатқанына көз жеткіздім. Күні бүгінге дейін прокурорлармен, аудандық ІІ бөлімдерімен тығыз байланыс орнатылмаған.

Отырыс барысында Тайынша және Уәлиханов аудандарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің жұмысы да сараланды. Олар да ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырмаған. Халықтан түскен шағымдар тиісті органдарға жеткізілмей, көбінесе аяқсыз қалып жатыр. Салдарынан аудандарда заңбұзушылықтар көбейіп барады.
Жиын барысында осы олқылықтарды түзету жөнінде жауапты тұлғаларға ұсыныстар берілді.

Берік Қасен