Әлімхан Садыбан – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:
– Жобаны сызар алдында барлық есеп-қисапты ойластыру қажет. Мәселен, нысан жеңіл және жүк көлігіне арналғандықтан, олардың биіктіктерін есептедім. Ғимаратта автожуу, автожөндеу сынды орындардың барлығы болады.
Ал, мына студенттердің еңбегі бүгінде жүзеге асырылған. Олар өз колледждерінің бір бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажет жобаны әзірлепті. Бұрын мүлдем жарамсыз болған саты аймағы қазір қолданысқа берілді. Терезелер ауыстырылып, қабырғалары сыланған. Жалпы, биыл ғимараттарды салу және пайдалану мамандығы бойынша 86 студент қолдарына дипломдарын алмақ. Олардың дені бүгінде жобаларын комиссия мүшелеріне таныстырыпты. Атап өту қажет, биыл колледж мамандары дипломдық жұмысты қорғауды онлайн трансляция арқылы жүзеге асыруда. Компьютердің ар жағынан студенттерді ата-аналары мен компаниялардың өкілдері көре алады. Осылайша, ұтымды жоба жасап, оны дұрыс жеткізе алғандар осы бастан-ақ жұмыспен қамтылмақ.
Ғалия Жумагужинова – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің оқытушысы:
– Біздің әлеуметтік серіктестеріміз студенттердің дипломдық жұмысын онлайн түрде көре алуда. Олардың еңбегін бағалап, жақсы нәтиже көрсеткендерді жұмысқа шақырып жатыр.
Бүгінде түрлі компания өкілдері 15 түлекті тағылымдамадан өтуге шақырыпты. Наурыздың бірі күні бұл студенттер дипломдарын ғана емес, жұмыс орнына шақыртуды да бірге алады.
Эльмира Садвокасова