Білім

Ардагер ұстаз Жұмаш Сейітбеков 90 жасқа толды

Жұмаш Сейітбеков – тыл ардагері, Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі:

– Алдымен Кеңес мектебінде жұмыс істедім. Одан соң Жаңа жол ауылында қызмет еттім. Кейін, басқа елді мекенге баруға сұрандым.

Ұстаздың өтінішін аудандық білім бөлімінің басшысы орындапты. Ол маманды Тимирязев ауданындағы “13 жылдық” ауылына жібереді. Аталған елді-мекенде жерлесіміз 8 жыл бойы шәкірт тәрбиеледі. Бұған қоса, депутат қызметін де қатар атқарған. Азамат халық қалаулысы болған шақта селоның көркейуіне сүбелі үлесін қосқан екен.

Жұмаш Сейітбеков – тыл ардагері, Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі:

– Свет тартырамын, су жүргіздіремін. Бұдан бөлек үй салдырамын дедім. Мұның бәрін орындадым.

“13 жылдық” ауылынан соң, Жұмаш Сейітбекұлы отбасысымен Ыбыраев елді-мекеніне қоныс аударыпты. Педагог сол жерде физика пәнінің мұғалімі Әлім Шегенов екеуі бірге қызмет атқарған. әріптесінің ілкімді істері азаматтың есінде жақсы сақталыпты.

Әлім Шегенов – зейнеткер:

– Өте бауырмал еді. Барлық мәселені ашумен емес, сабырмен түсірдіріп беретін.

Бүгінгі жиында мерейтой иесін құттықтаушылар көп болды. Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов жерлесімізге өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың алғыс хатын оқып, салтанатты түрде табыс етті.

Бұдан бөлек, Ескендір Есмақұлы 90 жастағы қарияның кеудесіне СҚО Құрметті ардегері төсбелгісін тақты. Бүгінгі шараға Жұмаш Сейітбекұлының зайыбы Зурә Сейітбекова да қатысып отыр. Нәзік жанды да кезінде ұстаздық қызмет атқарыпты. Қариялар 7 бала тәрбиелеген. Олардың 2-еуі ата-анасының жолын қуып, мұғалім болып еңбек етеді.

Зурә Сейітбекова – Жұмаш Сейітбековтің зайыбы:

– Балалардың арасында ұстаздық қызметті таңдағандар бар. Үлкен қызым Сәуле Қаратал орта мектебінде орыс тілінен сабақ береді. Ал, кіші қызым Петропавлда мұғалім болып еңбек етеді.

Шара соңында 90 жасқа толған мерейтой иесін жастар қауымы да құттықтап, өздерінің ізгі тілектерін жолдады.

Култанов Байболат