Балалар

Тұңғыш Президент қорының өкілдері теріскейлік жастармен кездесті

Ұйым еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты жастарды қолдап, олардың идеяларын жүзеге асыруға бағытталған. Мәселен, өткен жылы қордың көмегімен білім, ғылым, өнер және әлеуметтік саладағы 146 маңызды жоба қолға алыныпты.

Қанат Жұмабаев – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасының қорының атқарушы директоры:

– Егер жобаларыңыздың тақырыбы қызықты әрі маңызды болса, біз оған инвестиция құюға дайынбыз. Осылайша, біздің қолдауымызбен 10 команданы Сингапурге аттандырдық. Шет мемлекетте жастар әлемдік компанияларының тапсырмаларын орындады. Елге оралған соң, біршама уақыт бойы жұмыс жасаған 5 жобаларын біздің ұлттық компанияларға ұсынды. Олардың 3-уі қалталы азаматтардың тарапынан қолдауға ие болды.

Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаевтың сөзінше, жастар мектеп пен ЖОО қабырғасында алатын білімнен бөлек әрдайым ізденісте болуы қажет. Ол үшін бүгінде көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, жергілікті университет студенті Әсем Мұхаметхалиева қоғамдық шараларға белсене қатысып, түрлі халықаралық дәрежедегі байқауларда бағын сынайды екен. Аталған жетістіктері үшін нәзікжанды Елбасы қорының шәкіртақысын иеленген.

Әсем Мұхаметхалиева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


–  2016 жылдың қыркүйегінде осы қор жайлы естідім. Бағымды сынап көрейін деп, құжаттарымды тапсырдым. Бір жыл бойы ай сайын 40 мың теңге көлемінде стипендия төленді. Оны алу үшін байқаулар мен сайыстарға қатысып, университеттің қоғамдық өмірінде белсенді болу қажет.

Осындай шәкіртақы алу мәртебесіне тағы 14 теріскейлік студент ие болыпты. Олардың барлығы жас ғалымдар кеңесінің мүшелері. Бүгін бұл үйым да үздік деп танылып, Тұңғыш Президент қорының марапатына ие болды.

Сергей Пашков – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жас ғалымдар кеңесінің төрағасы:

– Біздің қолға алған жобаларымыз негізінде ауыл шаруашылығы және инженерия саласына байланысты. Аталған жетістіктеріміздің арқасында үздік жас ғалымдар кеңесі атағына ие болдық. Бүгінде біздің қатарымызда 300-ден астам оқытушы мен магистранттар, студенттер бар.

Алдағы уақытта аталған кеңес Елбасы қорына тың жобаны ұсынбақ. Жас ғалымдар еліміз бен Ресейдің шекаралас аймақтары арасындағы туризмді дамытпақ ниетте. Қазір олардың идеясы әлі де әзірлену үстінде.

Эльмира Садвокасова