Қоғам

Петропавл әскери-техникалық мектебін 31 қостанайлық тәрбиеленуші аяқтады

Әрбірі үшін бүгін маңызды күн. Отан алдындағы борыштарын өтеп, әскери құжат алуға бұл жолы 31 бозбала дайын. Көптің бірі – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Талғат Кеңесов алдағы өмірін ішкі істер органдарымен байланыстырғысы келеді.

Талғат Кеңесов – ҚР ҚМ «ӘТМ» Петропавл филиалының тәрбиеленушісі, Қостанай облысы:

– Мен Отан алдындағы борышымды абыроймен өтеп шықтым. Бізді тәрбиелеген оқытушыларға алғысымды білдіремін.

Салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі сардарлар үшін қаншалықты маңызды болса, балаларының қуанышына ортақтасып жатқан ата-аналары үшін де соншалықты толқынысты сәт.

Людмила Антоненко – ата-ана, Қостанай қаласы:


– Бүгін менің кіші ұлым Отанына қалтқысыз қызмет етуге ант берді. Балам әкесінің жолын қуып, ел шебін күзететін шекарашы болуды мақсат етуде. Арманына бір-ақ қадам қалды. Ұлдарымызды 40 күнде нағыз ер жігіт етіп тәрбиелеген әскери-мектептің оқытушылар құрамына алғысымды білдіремін.

Жалпы бұл мекемеде әскери өмірдің ыстығы мен суығына қатар төзіп, қысқа мерзімде отан қорғаушы атануға 24 пен 27 жас аралығындағы ер азаматтар үміт арта алады. Дені – отбасын құрғандар мен денсаулығында кінәраты бар әскери міндеттілер.

Юрий Глумов – ҚР ҚМ «ӘТМ» Петропавл филиалы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

 

– Әскери-мектеп құрылған 2013 жылдан бастап облысымызда 27 жасқа дейінгі 2 мыңнан астам жігіт «атқыш» мамандығы бойынша білім алып шықты. 40 күндік оқу ақысы 263 мың теңгені құрайды. Бұл қаражатқа тәрбиеленушілерді 3 мезгіл ыстық тамақпен қамту және жылдың әр кезінде киюге арналған әскери киім-кешек сатып алу енеді.

Сондай-ақ, биылдан бастап жергілікті әскери мектеп ҚР ҚМ тапсырысы негізінде еліміздің қарулы күштеріне қажетті «В,С» саннаттағы көлік жүргізушілерін даярлауды қолға алған. Қазірдің өзінде мекемеде 20 жасқа дейінгі тағы 28 жерлесіміз әскери көлік тізгіндеуге машықтанып жүр.