МТРА жаңалықтары

СҚО ІІД теріскейлік түлектерді ІІМ жоғары оқу орындарына түсуге үгіттеді

Азамат Алдабергенов – М.Есболатов атындағы ҚР ІІМ Алматы академиясының кафедра бастығы, полиция полковнигі:

– Біздің академияға орта және орта кәсіптік білімі бар, жасы 16-дан асатын, бірақ 25-ке толмаған ҚР азаматы оқуға түсе алады. Курсант атанар алдында әр түлек физикалық және психологиялық сынақтардан өтеді. Біз жедел іздестірушілерді, ақпараттық жүйе мамандарын және радиотехниктерді даярлаймыз. Оқу мерзімі – 4 жыл. Замамауи материалдық-техникалық базамыз және тәжірибелі оқытушыларымыз бар.

Сондай-ақ жеткіншектермен Қостанай және Қарағандыдағы академиялардың, Ақтөбедегі заң институтының өкілдері тілдесті. Қажетті ақпаратты олар тек ауызша ғана жеткізбей, арнайы бейнероликтер де көрсетті. Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі Шыңғысхан Габдуллин бала кезінен тәртіп сақшысы болуды армандапты. Аталмыш кездесу оған мамандық алатын оқу ордасын таңдауға серпін берді.

Шыңғысхан Габдуллин – Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі:

– Қостанай академиясына түсіп, халқымды лаңкестерден, баскесерлерден қорғағым келеді.Бұл менің бала кезімнен берігі арманым.

Бұл шараны облыстық ІІД ұйымдастырған. Ведомство үгіт-насихат шараларына жіті дайындалған. Арнайы шақырылған жоғарғы оқу орындарының өкілдерімен бірлесіп, департамент мамандары да түлектерге полицейлік кәсіптің қыр-сырын барынша паш етуге тырысты.

Саят Ермек – тілші:

– ІІД мамандары білім алушылар үшін арнайы көрме де ұйымдастырыпты. Мұнда полицейдің қарапайым көлігінен бастап, тәртіп сақшыларының күнделікті өмірде, сондай-ақ оқыс оқиғаларда пайдаланатын техниканың түр-түрі орын тепкен. Оларды түлектер көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкіндігіне ие болды.

 

Саят Ермек