Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды

Былтыр облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы өнім өндірісі 510,6 млрд теңгеден асқан. Теріскейдің жер емген шаруалары соңғы 5 жылда болмаған рекордтық астық жиып алып, қамбаға 5,5 млн тоннадан астам алтын дән құйды. Гектар берекелігі 18,2 центнерден айналды. Майлы дақылдар алқабы да соңғы уақытта ұлғайып келеді. Әртараптандыру шараларының арқасында өткен жылы диқандар 715 мың гектар жерге рапс, зығыр, күнбағыс сынды дақылдар егіп, гектарынан 10 центнерден астам өнім алыпты.

Биыл майлы дақылдар алқабын 1 млн гектарға жеткізу межеленген. Өткен жылы 1,4 млн гектар алқапқа минералды тыңайтқыштар себілді. Алайда, бұл жұмысты аудандардың барлығы бірдей жасап жатқан жоқ. Кей шаруашылықтарда тұқым алмастыру мен мал басын арттыру шаралары сылбыр жүргізілуде. Оның үстіне мемлекет меншігіндегі жерді мақсатсыз пайдаланып жатқандар бар. Сондықтан, өнімділік төмен, салық төленбейді, ал еңбеккерлер алып отырған жалақы мөлшері мардымсыз. Мұндай олқылықтарға нүкте қояр кез келді. Жағдай түзелмесе, жер қайтарылып алынып, оны іске жарата алатын шаруашылықтарға беру керек деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Жермен жұмыс істей алмайтындардан ол қайтарылып алынуы тиіс. Өйткені, аудандарды аралағанда мұндайлардың талайын көрдік. Көрші маңдағы шаруашылықтағы егін шығымдылығы жақсы, салықты да төлейді, еңбеккерлеріне беріп жатқан жалақысы да жоғары. Ең бастысы, олар туған жерін гүлдендіруге үлес қосады. Неге солар сияқты еңбек етпеске?! Сол себепті, бұл істі ерекше бақылауға алып, шаруасын түзей алмағандардан жерді заңға сүйене отырып қайтарып алу қажет. Оны кейін жұмыс істеуге құлшынып отырған шаруашылықтарға беру керек.

 

Магжан Ахмадина