Қоғам

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторинг тобы өткен жылғы жұмыстарын саралады

Александр Бодуновский – СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі арнайы мониторинг тобының төрағасы:

– Біздің топ 5 бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың облыста жүзеге асу деңгейін ұдайы бақылауда ұстаймыз. Екіншіден, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында кездесулер өткіземіз. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына және осы салада орын алған парақорлық фактілеріне сараптама жүргіземіз.

Сондай-ақ, мониторинг тобы өңір халқы мен жергілікті атқарушы органдарды байланыстыратын көпір қызметін де атқарады. Яғни, қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтап, оларды жою бойынша жауапты мекемелерге ұсыныстар жөнелтеді. Мәселен, былтыр петропавлдықтар қалалық әкімдіктегі пәтер кезегінің жылжымай тұрғанына көп шағымданған. Сол себепті, мониторинг тобының мүшелерінен құралған комиссия бұл олқылықтың себебін анықтау шараларын жүргізіпті.

Әсемгүл Есқожа – СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі арнайы мониторинг тобының мүшесі:

– Кезекте тұрғандардың тізімін алдық. Қоңырау шалғанда олардың дені пәтер алған, не көшіп кеткен, не түрмеде отырған болып шықты. Мемлекеттік органдарға бәрін жеткіздік.

Ал, мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелер мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы етіп жарақталған ба? Бұл бағытта да мониторинг тобының мүшелерінен құралған комиссия бірқатар тексеру шараларын ұйымдастырған.

Руслан Асаубаев – СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі арнайы мониторинг тобының мүшесі:

– Мәселен, бұған дейін қаладағы және бірнеше аудан орталықтарындағы ХҚКО-да биік ресепшндер тұрған еді, ғимараттардың көбінде пандустар мен көмекке шақыру тетіктері жоқ немесе ыңғайсыз болатын. Біздің комиссия жүргізген тексерістерден соң бұл олқылықтардың көбі жойылды. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы да арта түсті.

Айта кетейік, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі арнайы мониторинг тобы былтыр 6 ауданға жол тартып, қажетті талаптардың ауылды жерлерде сақталу деңгейін де бақылап қайтқан. Аталмыш жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.

 

Саят Ермек