Қоғам

Шаһарда “Petropavl. Open City.kz” қосымшасы іске қосылды

Гүлдана Тұрғанбаева – “Лунное” ПИК төрайымы:

– Бұрындары тұрғындармен үй алдында жиналыс өткізетінбіз. Шараға кейбір көршілеріміз келмей қалатын. Енді, мұндай жағдай болмайды. Тұрғындардың барлық сұрақтары «Petropavl. Open City.kz» қосымшасы арқылы қаралмақ. Яғни, адамдар үйде отырып-ақ ұсыныс-тілектерін білдіреді. Әзірге, порталға 20-дан аса пәтер иелері тіркелді. Алдағы уақытта барлық адамдарды бағдарламаға қосылуға шақырамыз.

Айта кетейік, “Petropavl. Open City.kz” қосымшасын жергілікті “Интегро” компаниясының өкілдері әзірледі. Олар тың жобаны өткен айдың соңында іске қосқан. Ал, мамандар порталды дайындау үшін 1 жарым жыл уақыт жұмсапты. Қазіргі таңда бағдарламаның игілігін шаһардағы 20-ға жуық үйдің тұрғындары көріп отыр.

Ринат Хайрутдинов – “Интегро” компаниясының бөлім басшысы:

– Портал пилоттық болып саналады. Мұндай бағдарлама еліміз бойынша Астана қаласында ғана жұмыс істейді. Тың жобаның халық үшін тигізер пайдасы зор. Мәселен, қосымшаның көмегімен тұрғындар өздерінің ұсыныс-тілектерін білдіреді, коммуналдық қарыздарын көре алады. Түрлі хабарландырулар мен есептік кездесулер жайлы ақпаратпен танысады. Тіпті, болашақта коммуналдық төлемдерді де осы жоба арқылы төлейтін болады.

Портал арқылы коммуналдық төлемдерді төлеу пилоттық жоба өз нәтижесін беріп, толық мақұлданған жағдайда мүмкін болмақ.

Дәулет Қалиасқаров – Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы:

– Порталды тұрғындар ұялы телефон және компьютер арқылы қолданатын болады. Адамдардың ұсыныс-тілектерін біз бақылап отырамыз. Кейін, солар бойынша жұмыс істемекпіз. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мәселелерді шешуге көмектеседі. Бастысы, жобаны пайдалану жерлестеріміз үшін тегін болмақ.

Жалпы, жыл соңына дейін шаһардағы 100 көпқабатты үйді “Petropavl. Open City.kz” порталына қосу жоспарлануда.

 

Култанов Байболат