Құрылыс

Құрылыстың 96 пайызы отандық материалдан жүргізілуі қажет

Александр Ещанов – «Гиперкирпич СК» ЖШС жетекшісі:

– Елбасының тапсырмасы бойынша құрылыс нысандарында 96 пайызға дейін отандық өнім қолданылуы тиіс. Кірпіш, газоблок, пеноблок сынды қарапайым материалдар елімізде жетерлік. Алайда, мердігерлер оны сатып алмайды. Мәселен, біздің компаниямыз легокірпіштерді шығарумен айналысады. Бірақ, құрылысшылар тарапынан қолдау жоқ.

Алайда, «Стройкомпания» серіктестігінің директоры Айдар Атажановтың сөзінше, құрылысқа қажет кірпіштің белгілі бір түрі біздің елде өндірілмейді екен. Сондықтан, Ресей Федерациясынан сатып алуға мәжбүр болыпты.

Айдар Атажанов – «Стройкомпания» ЖШС директоры:

– Бізге сазды-керамикалық 150-ші маркалы кірпіш қажет. Ондай материал бізде шығарылмайды. Тіпті, басқа өңірлерде де жоқ. Маған оның 600 мың данасы қажет. Сол себепті, Челябіден алдым. Оның өзінде 10-ақ вагон әкеліп үлгердім. Қазір материалдың бағасы шарықтап кетті.

Тағы мердігер құрылысқа 125-ші маркалы кірпіштің 700-800 мың данасы қажет екенін сөз етті. Оларды шамамен сәуір айынан бастап Астана қаласынан сатып алмақ. Ал, газоблоктарды болса, тендерді өткізу арқылы алуды жоспарлауда. Бұған аталған материалдарды шығаратын теріскейлік Сергей МЕзенцев наразы. Алайда, бұған да «Стройкомпания» серіктестігі диреткорының жауабы дайын. Айдар Атажановтың сөзінше, газоблоктың сапасы сын көтермейді екен.

Тұрар Ысқақов – СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Егер біз елімізде шығарылатын тауарды сырттан алатын болсақ, бұл -барлығымыз үшін үлкен кемшілік. Отандық өндірушілерді қолдауымыз қажет. Тіпті, бағасы жоғарылау болса да бұл ішкі экономиканы көтеруге септеседі. Ал, сіздердің істеп жүргендеріңіз бизнестің дамуына шектеу қойып отыр.

Отандық өнімді қолдағысы келгенімен мердігерлер алдымен сапасына, кейін бағасына мән беруде. Себебі, құрылысты жөнсіз материалдан салған жарамайды дейді олар.

 

Эльмира Садвокасова