Мәдениет

Өнер колледжіндегі кескіндеме бөлімінің 25 жылдығына арналған көрменің тұсауы кесілді

Яна Савенкова – Өнер колледжінің студенті:

– Менің өмірімде шығармашылықтың алатын орны бөлек. Колледжде де, үйде де күні-түні сурет салып, шеберлігімді ұштаймын. Себебі, сүйікті суретшілерімнің бірі Иван Айвазовскийге ұқсағым келеді. Қылқалам шеберінің шығармашылығы жаныма жақын. Әсіресе, “Теңіз” деп аталатын туындысын ұнатамын.

Қазіргі таңда “Кескіндеме” бөлімінде 23 студент білім алуда. Бүгінгі көрмеге олардың 100-ден аса жұмысы қойылыпты. Қылқалам шеберлерінің туындылары көркемділігі жағынан бір-бірінен кем түспейді. Суреттердің барлығы сан алуандылығымен ерекшеленеді. Әсіресе, мына “Бурабай” деп аталатын картина көрермендердің көңілінен шықты. Бұл туындының авторы – 3-ші курстың студенті Елена Колчева.

Елена Колчева – Өнер колледжінің студенті:

– Өткен жылы жазғы демалыстарда ата-анаммен бірге Бурабайға демалуға барған болатынбыз. Бурабайдың таулары мен ағаштары, көлдері мен табиғаты таң ғалдырды. Сол себепті, шабыттанып, осы суретті сала бастадым. Оған менің екі ай уақытым кетті.

Бүгінгі “Өнер бейнелері” деп аталатын көрме Өнер колледжіндегі “Кескіндеме” бөлімінің 25 жылдығына арналып отыр. Бұл бөлім 1993 жылы суретші Валерий Савельевтың бастамасымен ашылған.

Анатолий Тюрин – Өнер колледжінің кескіндеме бөлімінің меңгерушісі:

– Жалпы Өнер колледжінің “Кескіндеме” бөлімінде 25 жыл ішінде 118 студент білім алған. Олардың тең жартысы оқуларын Қазақстан, Ресей және өзге шет елдердегі кәсіптік академиялар мен университеттерінде жалғастырды. Қазіргі таңда студенттеріміз түрлі байқаулар мен көрмелерге қатысып жүр. Халықаралық көрмелерге де қатысқан студенттеріміз де бар.

Көрмені тамашалауға келген қауымға Өнер колледжінің студенттері тамаша ән мен күйден тарту етті. Аталмыш көрме 1 ай көлемінде жұмыс істейді.

Молдир Макишева