МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалында ашық есік күні өтті

Бұған дейін 58 жаста зейнетке шығып жүрген аналарымыз енді, жыл сайын тағы 6 айға жұмыста бөгелмек. Сөйтіп, 2027 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің барлығы 63 жаста құрметті демалысқа шығатын болады. Тағы бір айта кететін маңызды жаңалық, бұрындары азаматтар зейнетақы алу мерзімін өздері таңдаса, енді биылдан бастап бұған да өзгерістер енгізілген.

Ғалия Мұқанова – «БЖЗҚ» АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Зейнеткерлер мен мүгедектерге биылдан бастап зейнетақы тек ай сайын төленетін болады. Ол арнайы коэффицент арқылы есептеледі.

Сондай-ақ, өз-өзін жұмыспен қамтитын азаматтардың құлағына алтын сырға. Аталған санаттағы тұрғындар ай сайын зейнетақы қорына міндетті түрде қаражат аударып отыруы тиіс. Оның көлемі табыстың 10 пайызын құрайды. Осылайша, олар өздерін болашақта зейнетақымен қамтамасыз ете алады. Алайда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мамандарының сөзінше, өздерін жұмыспен қамтушылардың басым бөлігі төлемдерді ай сайын жүргізбейді екен. Жалпы, облысымызда аталған санат бойынша 79 мың адам тіркеуде тұр екен. Ағымдағы жылдың басынан әлеуметтік сақтандыру қорында да өзгерістер орын алды.

Анар Жүнісова – «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Қаңтардың 1-інен бастап әлеуметтік төлемдердің көлемі азайды. Бұрын ол табыстың 5 пайызын құраса, биылдан бастап 1,5-ға төмендеді. Енді 3,5 пайыз әлеуметтік төлемді жұмыс беруші аударады.

Ашық есік күнінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы да сөз болды. Қорға 2017 жылдың бірінші шілдесінен бастап Қазақстан бойынша 32,1 млрд теңге көлемінде қаражат аударылыпты. Бұған қоса, елімізді тұрақты мекендейтін, алайда азаматтығы жоқ адамдарға қатысты да заң қабылданды. Енді олар қазақстандықтармен бірге емханаларға тіркеуге тұрып, медициналық көмекке жүгіне алады.

 

Эльмира Садвокасова