МТРА жаңалықтары

Биыл облысымызда 18 мәдени нысан ашылмақ

Мәселен, өткен жылы өңірімізде «Музейге сый тарту» акциясы бастау алған болатын. Шараның мақсаты – ел тарихында өзіндік орны бар құнды жәдігерлерді жинау. Осылайша, облысымыздың 12 музейінің қоры 926 экспонатпен толыққан. Араларында көнелері мен ерекшелері де аз емес.

Жансұлу Бекенова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі:


–  Біздің ақынымыз Дәстен Баймұқанов 19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғ бас кезінде өмір сүрген ақындарымыздың бірі Қожамбет Ордабайұлының шежіресін сыйға тартты. Оны Шал ақын ауданының Кеңес ауылының ақсақалы жазған екен. Шежіре арабша жазылған.

Облысымызда бүгінде 604 мәдени нысан бар. Олардың басым бөлігі клуб пен кітапханалар. Соңғы 5 жылдың ішінде осы салада 105 ғимараттың таспасы қиылыпты. Оның ішінде үштен бірі агроқұрылымдардың есебінен салынған.
Өткен жылы өңірде 36 мәдени ошақтың ашылуы жоспарланған екен. Алайда, бұл жұмыс Мамлют ауданында іске аспаған.

Ермек Рахимов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Биылғы жылы Ақжар, Жамбыл, Тайынша, Ғ.Мүсірепов аудандарынан басқаларында 18 нысанның таспасын қиюды жоспарлаудамыз. Алайда, кадр тапшылығы, қаражаттың жеткіліксіздігі мен материалды-техникалық базаның аздығынан жабылып жатқан нысандардың да саны баршылық. Соңғы 6 жылда 44 клуб, 27 кітапхана мен 4 киноорындардың жұмысы тоқтатылды.

Елді мекендерде кадр тапшылығын жою мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 64 маман тартылыпты. Аудандықтардың сөзінше, мәдениет саласына бүгінде тағы 11 жас қызметкер қажет. Бұған қарамастан, аталған ведомстводағы жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. Мәселен, «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бейнелеу өнері музейлерінде гаджеттердің көмегімен QR-код арқылы жәдігерлер туралы ақпарат алуға болады. Бұндай жаңашылдық облыстық және Есіл аудандық тарихи-өлкетану мұражайы мен Иван Шуховтың үй-музейінде енгізілмек.

Ермек Рахимов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Жоспарда “Электронды құжаттардың бірыңғай архиві” жобасын іске асыру да бар. Бұл тарихи маңызды мәліметтерді сақтауға септігін тигізеді. Сондай-ақ, барлық Қазақстан тұрғындары кез келген құжатқа қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады.

Мәдениет саласының қызметкерлері Елбасының бағдарламалық мақаласындағы “Рухани қазына” бағытының жүзеге асуына да үлкен көңіл бөлуде. Жоба ұлттық кодты сақтап, тарихи жәдігерлер мен киелі жерлерді зерттеуге бағытталған. Бұл мақсатта өңірде 12 ауқымды іс-шара өткізіліпті. Ал, алдағы уақытта облысымыздағы Ботай тұрағының аймағында музей-қорық ашылмақ екен.

Жанат Баймүсенов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы:

– Бүгінде теріскейлік 6 тарихи нысан Қазақстанның киелі жерлер картасына енгізілген болатын. Келешекте тағы 17-сін ұсынбақпыз. Олардың басым бөлігі – Жамбыл, Уәлиханов және Айыртау аудандарында орналасқан.

Жиында мәдениет саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі де көтерілді. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітова сөз етті. Мәдениет және тарихи мәдени мұра саласын реттейтін екі басты заңға ұзақ жылдар бойы өзгертулер енгізіліп келсе, биыл ол жаңа редакцияда жазылмақ екен.

Күміс Сейітова – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі заң қызметі департаментінің директоры:

– Бүгінде бұл заң жобасы дайын. Наурыздың соңына қарай оны Үкіметтік қарауына жібереміз.

Шара соңында мәдениет саласына сүбелі үлесін қосқан жандар марапатқа ие болды.

Эльмира Садвокасова