Қоғам

Шындықты айтамын деп жұмысынан айырылып қала жаздады

Мазипа Кажекова – №3 Мамлютка орта мектебінің мұғалімі:

–  Мектептің іші суық. Әйнек жақтаулары ескі. Өзіміз бояймыз. Терезе полиэтиленмен қапталған. Қазір, тіпті, дұрыс жабылмайды. Жылда әйнек қоямыз деп айтып жүр. Бірақ, берілген уәде орындалған жоқ.

60 жастағы нәзікжанды зейнетте. Мамандардың жетіспеушілігіне байланысты мектепте келісім шарт бойынша жұмыс істейді.
Жуырда ол біздің телеарнаға хабарласып, осы сұхбаттан кейін қиындықтарға кезіккенін жеткізді. Айтуынша, жұмыстан өз еркімен шығу туралы талап етілген көрінеді.

Мазипа Кажекова – №3 Мамлютка орта мектебінің мұғалімі:

– Интервью бергеннен кейін қаңтардың 25-і мені және мектеп директорын аудандық білім бөлімінің басшысы өзіне шақыртты. Кейін арыз жазсын деп айтты. Бірақ, адвокатпен кеңескеннен кейін, арыз жазбауды ұйғардым. Осы оқиғадан кейін жүрегім ұстап қалып, бірнеше күн үйде жатым.

Дегенмен, педагогтың бұл сөздерін мектеп директоры жоққа шығарып отыр.

Ерік Ғаббасов, №3 Мамлютка орта мектебінің директоры:

– Математика пәнінің мұғалімі Мазипа Садуовнадан ешқандай өтініш болған жоқ. Қазіргі таңда жұмысын жалғастыруда.

Бұл мәселенің мән-жайын білу үшін біз аудандық білім бөлімінің басшысы Сара Рамазановамен кездестік.

Сара Рамазанова – Мамлют аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Мазипа Кажекова білім ошағындағы терезелерді ауыстыру қажеттігі туралы шағымданған болатын. Аталған мәселе жылда көтеріліп келеді. Былтыр жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 19 млн теңге қаражат бөлінген еді. Бірақ, мәслихат отырысынан кейін бұл ақша кейін қайтарылды. Ал, Мазипа Сәдуқызын ешкім жұмыстан шығарайын деп жатқан жоқ. Қазіргі таңда ол балаларға сабақ беріп жүр.

Осы материал түсірілгеннен кейін келесі күні 40 жылдық тәжірибесі бар ұстазға еңбек келісімшартын бұзу туралы ескерту хат берілген. Бірақ, Мазипа Кажекова құжатқа қол қоюдан бас тартқан.

Молдир Макишева