МТРА жаңалықтары

Есіл ауданының әкімі халық алдында есеп берді

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:


– 2017 жылы майлы дақылдардың алқабын 45 пайызға немесе 17,1 мың га ұлғайттық. Ал, бұршақ тұқымдас дақылдардың аумағын 10,1 мың га кеңейттік. Картопты 1608 га, ал басқа да көкөністерді 163 га жерге егіп, мол өнім алдық. Жаңа технологияларға басымдық берудің арқасында былтыр дәнді дақылдардың шығымдылығы бір гектардан 19,2 центнерден айналды.

Аудан әкімінің сөзіне сенсек, өткен жылы өлкедегі 56 елді мекен таза ауыз сумен қамтылған. Явленка мен Корнеевка селоларында мыңнан аса баспанаға орталықтандырылған су құбыры тартылыпты. Жол жөндеу мен жарықтандыру шаралары да жоспарға сай жүргізілген көрінеді.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:


– Өткен жылы Тауағаш пен Орталық ауылдарына апарар жолдар орташа жөндеу көрді. Явленка селосындағы тас жолдардың шұңқырлары жабылып, қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ Чириковка, Покровка, Мектеп, Жарғайың ауылдарында көшелер жарықтандырылды.


Бір жыл бойы атқарған жұмысына есеп беріп болған Мұратбек Әбішев тұрғындар базынасын тыңдауға көшті. Алдымен әкім жәшікке салынған өтініштер мен арыздарды оқыды. Есілдіктер құрылысқа арналған жер телімдерінің бос тұрғанына, Явленка сапаржайының жағдайына шағым білдірген, ал аудан спортшылары воркаутқа арналған алаңқайлардың саны көбейсе дейді. Аталмыш мәселелерді біржақты етуге уәде берген әкім бұдан соң азаматтармен ашық диалогқа ойысты. Мектеп ауылының тұрғыны Рауан Серікұлы асыл тұқымды ірі қара басын көбейтумен айналысатын АШК төрағалық етеді. Ол бастаған ұйым мүшелері кәсіпті кеңейтуді көздейді. Алайда, бүгінде өздеріне тиесілі пайлық жерлерді қайтара алмай отыр.

Рауан Серікұлы – Мектеп ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:


–  “Атамекен-Агро-Есіл” ЖШС 2004 жылы пайлық жерлерімізді бергенбіз. Енді қайтара алмай отырмыз. Өткен жыылы өтініш білдіріп едік, алайда, жер телімдерін қайтарудан бас тартты.

Сондай-ақ, біршама аудан азаматтары да дәл осы “Атамекен-Агро-Есіл” серіктестігіне берген жер телімдері үшін төленетін пайын ала алмай отырған көрінеді. Бұл жандарға аудан әкімнің берген жауабы бір.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:


– Атамекен-Агро Есіл” серіктестігінің директоры Виктор Жұмағұловқа пайларды жуық арада төлеуді тапсырамын. Ал, жер телімін қайтарып аламын не басқа құрылымға беремін деушілердің сотқа жолдаған өтініші қайтарылып жіберілді. Себебі, сіздер өткізген жалпы жиналыста жер телімдерін басқа құрылымға беруге келісім беріп, қолдарын қойғандардың саны 50 пайызға да жетпейді. Сондықтан, тағы бір жиналыс ұйымдастырып, қажетті қолдарды қайта жинап көріңіздер.

Ал, зейнеткер Лидия Остапенко Явленка селосындағы екі қабатты үйлердің бірінде тұрады. Комарово көшесіндегі баспаналардың тұрғындары – көбіне егде жастағылар. Бірнеше жыл бұрын тұрғындар үйге орталықтандырылған су құбырын тартыпты. Алайда, осымен екінші жыл крандарынан тіршілік көзі тамшылап қана ағып тұр.

Лидия Остапенко – Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:


– Су сәл ғана ағады, бір шелек толтырып алу үшін бірнеше сағат керек. Тіршілік көзі кей күндері, тіпті, болмай қалады. Онда үйімізден 500 метр алыс тұрған колонкаға баруға мәжбүрміз. Жуырда осы мәселемен жауапты кәсіпорынға жүгініп едім, шешеміз деп қоя жіберді. Алайда, бірнеше ай өтті, еш өзгеріс жоқ.

Саят Ермек – тілші:


– Орталықтандырылған су құбыры 6 жыл бұрын өткізілгенімен, аталмыш 2 қабатты үйдің тұрғындары тіршілік нәрін осылай тасуға мәжбүр. 20 жасар жігітке бұл түк етпейді ғой, ал мұнда көбіне зейнеткерлердің тұратынын ескерсек, аталмыш факт ақылға сыймайды.

Бұл баспаналарда орталықтандырылған жылу желісі де жоқ екен. Тұрғындар пәтерлерін пешпен жылытады. Пәтер иелері отын-көмірлерін даладан екінші қабатқа тасуға мәжбүр. Тұрғындар су мен жылу мәселесін есептік кездесуде көтерді. Аудан әкімі бұл шаруаға жауапты “Қамқор” серіктестігінің өкілін тұрғызып қойып, мәселені біржақты етуді тапсырды.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:


– Бүгін барып Комарово көшесіндегі су құбырларын толығымен тексеріңіздер. Мүмкін, бір жерде сорғыш істен шыққан болар. Тұрғындарды осындай қиын жағдайда қалдыруға болмайды. Жылыту бойынша айтарым, техникалық паспорт жасау қажет, бұл жұмыс бойынша біз көмектесеміз. Ал, желіні өткізу жұмыстары тұрғындардың өз қаражатына жасалады.

Айта кетейік, былтырғы жылы Есіл ауданындағы барлық деңгейдегі әкімдер 51 есептік кездесу өткізіпті. Тұрғындар тарапынан 85 бұйымтай түскен. Бүгінге дейін олардың бәрі шешімін тауыпты.

 

Саят Ермек