МТРА жаңалықтары

СҚО жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының кеңейтілген алқа кеңесі өтті

Отырыс барысында осы іске жауапты органдар, ауылдық округ әкімдері мен қаржы институттарының мамандары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Баяндама оқығандардың көпшілігі өңірімізде оң өзгерістер орын алып жатқанын айтты. Мысалы, өткен жылы аймағымызда жалдамалы жұмысшылардың саны 1 800-ге артқан. Сәйкесінше, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 91 мыңнан 79 мыңға азайыпты. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тиісті органдарға жұмыссыз азаматтарды оқытып, оларға сервистік қызмет көрсету бағытындағы жаңа кәсіп түрлерін үйретуді тапсырды. Оған қоса жұмыс берушілердің және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоғарылатып, адамдарға лайықты еңбекақы төлеу жөнінде сөз қозғады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде жұмыс істеп жүрген 2 300-ге жуық солтүстікқазақстандықтың зейнетақы аударымдары жоқ. Петропавлда 43 мың петропавлдықтың әлі күнге дейін статусы анықталмаған. Оларға жұмыс берушілер лайықты жалақы төлеп жүр ме? Ол жағы да, әзірге, беймәлім. Облысымызда орташа жалақы мөлшері өте төмен – небары 103 мың теңге. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 30 пайызға аз. Алдағы уақытта осы бағытта атқарылар шаруа ауқымды. Бұл іске жұмыспен қамту орталықтары, ауылдық округ және аудан әкімдері жұмыла атсалыссын. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту – баршамыз үшін ортақ міндет.

Берік Қасен