Спорт

Жеңіл атлетикадан қалалық ашық чемпионат мәресіне жетті

Қыздар арасындағы ең жас қатысушы – Анастасия Колода. Қаршадай қыздың қарым-қабілетіне қарап бапкерлер болашағынан зор үміт күтіп отыр. 1 жыл бойы баптаған жеткіншекті биыл жаттықтырушылар бәйгеге қосқан. Анастасия Колоданың нәтижесі көптің көңілінен шықты.

Анастасия Колода – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Кеше мен 60 және 200 метр қашықты кедергілер арқылы жүгіріп өттім. Уақыт көрсеткіші бойынша нәтижем жақсы. Өзге қыздармен жарысқан сәтте бойымды үрей биледі. Бірақ қорқынышымды жеңіп, жүлделі орынан көрінгеніме қуаныштымын.

Эстафеталық сайыс ұлдар арасында да өтті. Теміртаулық Дамир Бейсенов қалалық ашық чемпионатқа жыл сайын қатысып, жүлдесіз қайтпайды екен. Бұл жол ол үшінші орынан көрінді.

Дамир Бейсенов – жарысқа қатысушы, Теміртау қаласы:


– Мен бұл жарыста 600 және 300 метрлік қашықтықтарда уақытқа жүгірдім. Осыған дейін Петропавл қаласында өткен сайыстарға бірнеше рет келгенмін. Жарыстарға жиі қатысып, шеберлігімді шыңдап жүрмін.

Жеңіл атлетикадан қалалық ашық чемпионатқа барлығы 200-ге жуық спортшы қатысты. Араларында ресейліктер де бар.

Петр Литвиненко – сайыстың бас төрешісі:

– Биыл Аргентинада жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан спорттық олимпиада өтпекші. Жерлестеріміздің арасында аталмыш додаға баратын үміткерлер бар. Біз осы бастан іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.


Жалпы командалық есепте бірінші және екінші орындарды Петропавлдағы жеңіл атлетика мектептері еншіледі. Үздік үштікті айыртаулық спортшылар тұйықтады.
Айту керек, осы жолғы жеңіл атлетикадан қалалық ашық чемпионат «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 35 жылдық мерейтойына орайластарылды.

Берік Қасен