Балалар

Петропавлда алғаш рет “Brain Game” ойыны өткізілді

Закиржан Мамлютов – “Brain Game” ойынының ұйымдастырушысы:

– Осындай форматтағы ойын өңірімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Сұрақтардың барлығы қызықты әрі қиын емес. Сайыс соңында ойынның қалай өткенін білу үшін сауалнама жүргіземіз. Жалпы “Брейн Гейм” ойынын жұмасына бір рет өткізуді жоспарлап отырмыз.

10 құрама бақ сынасқан интеллектуалды ойын 5 кезеңнен тұрады. Әрқайсысында – 10 сұрақ қарастырылған. Сайыскерлер өздерінің ойлау қабілетіне қарай қойылған сұраққа 30 секунд ішінде ойланып, дұрыс жауабын табу қажет. Жауап арнайы қағазға жазылып, әділ қазыларға тапсырылады. Міне, кезекті сұрақты “Лихие 90-е” командасы қызу талқылауда.

Команда мүшелері “Brain Game” ойынының өтетінін әлеуметтік желілерден біліп, қатысуға ниет білдірген. Бұл олардың алғашқы зияткерлік сайысы екен.

Татьяна Орихан – “Лихие 90-е” командасының ойыншысы:

– Ойын туралы білгеннен кейін тез арада команда жинадық. Сұрақтардың барлығына дұрыс жауап беріп жатырмыз. Әзірге, біздің құрама көш бастап тұр.

Ал, “Свидетели egov-a” құрамасының капитаны Артём Петушковтың мұндай ойындардан тәжірибесі молынан. Себебі, ол “Не? Қайда? Қашан?” интеллектуалдар сайысына бірнеше рет қатысқан екен. Сондықтан, бүгінгі ойынның сұрақтары Артём үшін еш қиындық туғызбады.

Артём Петушков – “Свидетели egov-a” командасының капитаны:

– Осындай ойынды өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Барлығы жоғары деңгейде өтуде. Тапсырмалары оңай екен.

Кейбір сұрақтардың жауабын табу команда ойыншыларына жеңіл болса, өзгелерінде сүрініп жатты. Дегенмен, музыкалық сайыста қатысушылардың көңілдері бір көтеріліп қалды.

Сонымен қатар, сайыс барысында “Лучшее селфи” конкурсы өткізілді. Қатысушылар “Брейн гейм” логотипі жазылған хэштектермен суретке түсіп, әлеуметтік желілерге жіберулері тиіс болды. Ал бүгінгі сайыстың қорытындысы бойынша “Юниверсал” құрамасы жеңімпаз атанды. Енді бұл команда “Не? Қайда? Қашан?” зияткерлік ойынына қатыса алды.

Молдир Макишева