Құрылыс

Наурыз айында Қазақстандық ипотекалық компания 116 пәтерлік тұрғын үйді тапсырады

Бұл баспаналарға Петропавл қаласы бойынша пәтер кезегінде тұрған азаматтар ғана үміт арта алады, сондай-ақ бастапқы жарна қарастырылмаған. Пәтерлер 20 жылға жалға беріледі. Бұл уақыт ішінде тұрғындар ай сайын пәтердің әр шаршы метрі үшін 783 теңге төлемек. Дегенмен, 5 жыл өткен соң, компанияға өтініш білдіріп, пәтерді мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Қоныс тойын тойлауды меже еткен шаһарлықтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып немесе электрондық үкімет порталы арқылы ақпанның 12-і мен 22-і аралығында құжаттарын тапсыруы тиіс. Айта кетейін, қажетті құжаттар толығымен электрондық форматта қабылданады, ал өтініш беру азаматтың электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы жүзеге асады.

Бауыржан Бейсембаев – Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Әр отбасы мүшесінен олардың жеке бас куәліктері, жанұя мүшелерінің Қазақстан бойынша жылжымайтын мүлігінің жоқтығын растайтын құжат, неке қию немесе бұзу жайлы куәліктер, сондай-ақ балалардың туу туралы куәліктерін талап етіледі. Өтініш білдірушілер жеке бас құжаттары көшірмелері мен анықмаларды электрондық үлгіде тапсыруы керек.

 

Саят Ермек