МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданының әкімі халық алдында есеп берді

Дегенмен, жол, су сынды мәселелер мұнда әлі де өзекті. Аталған шараларға өткен жылы бюджеттен біраз қаражат бөлініп, бірқатар шаруа тындырылыпты. Бірақ, ауылдарында су таратқыш құбырлардың орнатылуын күтіп жүргендер де аз емес. Бұл жайт Власовка селосының тұрғындарын да мазалайтын көрінеді.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:


–  Өткен жылы Қиялы және Власовка селоларындағы су таратқыш құбырларды қайта жөндеу жұмыстарының сметалық-жобалық құжаттары дайындалды. Оларды тексерген соң, «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» республикалық бағдарламасына сай, бюджеттен ақша сұрататын боламыз.

Алдағы уақытта бұл бағдарламаның шарапатын Тоқшын селосының тұрғындары да көрмек. Биыл сметалық құжаттамаларды әзірлеуге аудандық қазынадан 9,1 млн тенге бөлініпті. Аудан ақсақалдары болса, үйден шығаратын қоқысты төгетін жер жоқ деп шағымдануда.

Ыбырай Құсайынов – Аққайың ауданының тұрғыны:

– Көшенің бірнеше жеріне контейнер орнатса, қоқысты сонда тастар едік. Ауыл сыртына шығарайық десек, өте алыс.

Аудан басшысы Дәурен Байтөлешовтің сөзінше, бұл мәселемен ол 1,5 жылдай айналысып келеді. Қоқыс жайын түбегейлі түрде шешу үшін инвесторларды тартуда. Полигон қалталы азаматтың біріне берілген. Қазір ол тиісті құжаттарын жинап, экологиялық экспертизадан да өткен.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:


–  Инвестор полигонды қоршап, бейнебақылау орнатпақшы. Болашақта қоқыс пен қалдықтарды қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, арнайы техника сатып алып, контейнерлерді аудан орталығына қоятын болады. Инвестордың бұл істе тәжірибесі мол. Биыл аталмыш шаруаны аяқтаймыз деген ойдамын.

Ал, табиғат жанашырларының базынасы басқа – тоғайлар сиреп, ағаштар азайып барады. Ауданның ғана емес, теріскей өлкесінің көркіне айналған аққайыңдар қайда дейді олар.

Сансызбай Жұмабеков – Аққайың ауданының тұрғыны:

– Мен мына аудан шетінде 40 жылдан астам уақыт тұрамын. Бара-бара шетімізде аққайыңдар қалмай, ауданның аты ғана қала ма деген үрей бар. Кейін Пеньков ауданы болып кетпейік.

Алайда, құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, алаңдауға тұрарлық ештеңе жоқ. Себебі, ағаштарды кесу жұмыстары жіті бақылауға алынған. Егер 1 га жерде өсіп тұрған жасыл желек шабылса, оның орнына екі гектарга жас бұтақтар егілуі қажет. Бұл шаруа тек бекітілген жоспарға сай жүргізіледі. Елді-мекен тұрғындары үшін тағы бір маңызды мәселе – ол жолдардың жөнделуі. Былтыр облыстық, аудандық маңызы бар жол мен село ішіндегі көшелерді қалыпқа келтіру үшін 800 млн. теңгеден астам қаражат бөлініпті. Биыл бұл шаруа өз жалғасын таппақ дейді аудан басшысы.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:


–  Үстіміздегі жылы облыстық маңызы бар жолдардың жөнделуіне 443,1 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, 3 селоның ішіндегі көшелердің қалыпқа келтірілуіне де 51,2 млн. тенге жұмсалмақ.

Тағы аудандықтар жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жоқтығын тілге тиек етті. Салдарынан, кішкентай балалар көшенің қақ ортасында жүруге мәжбүр. Бұл мәселені де аудан әкімі назарға алуға уәде берді.

 

Эльмира Садвокасова