Білім

СҚО білім басқармасының кеңейтілген алқа кеңесі өтті

Бүгінде өңірдің білім ошақтары үш тілде білім беру жүйесіне біртіндеп көшуде. Алдағы уақытта педагогтарды қағазбастылықтан арылту міндеті тұр. Бұл ауыл мектептерінің барлығын кең жолақты интернетпен толық қамтамасыз еткен жағдайда мүмкін болады. Сондай-ақ, Петропавл қаласында 3 ауысымда жұмыс істейтін мектептер бар екен.

Бұл мәселені жергілікті билік облыс орталығында 2 білім ошағын салу арқылы шешпекші. Бұдан өзге мектептерге заманауи жылыту қазандықтарын орнату жұмыстары одан әрі жалғасады. Бұл іске мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизімін кеңірек пайдалану қажет деді облыс әкімі. Кеңейтілген отырыста Құмар Ақсақалов басқа да мәселелерді көтеріп, оларды тез арада шешу қажеттігін айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл өңірдегі білім саласына 46,3 млрд теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 25 пайызын құрайды. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Жылда қыруар қаражат бөлінеді, бірақ әзірге тиісті нәтиже жоқ. Өткен жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша біз 6-шы орыннан күрт 15-ші орынға түсіп кетіппіз.Оған қоса мектеп тілектерінің 20 пайызы Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдайтынын бізді қатты алаңдатып отыр. Өңір колледждері мен университет еңбек нарығының сұранысын толығымен қанағаттандыра алмай отыр. Алдағы уақытта аталған мәселелерді бәрімізге бірлесіп шешу қажет. Бұл жұмыстарға білім саласынан бойын тасалайтын аудан әкімдерін де тартамыз.

Берік Қасен