МТРА жаңалықтары

Өңір судьялары өткен жылды қорытындылады

Ерлан Айтжанов – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы:

– Бүгінгі күні алғаш рет Петропавл қалалық сотында ҚР ҚК 378 бабының 1-ші бөлімі бойынша қылмыстық іс электронды форматта қаралды. Яғни, билік өкілін қызметін өтеу барысында балағаттаған жеке тұлғаға шешім интернеттің мүмкіншілігін қолдану арқылы шығарылды. Сот айыптыға кінәлі деп үкім кесіп, 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартты.

Сот саласына сандық жүйені енгізу жайы айтылған соң, брифингке қатысушылар өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылады. Былтыр өңірде 26 200-ден астам азаматтық және 13 мыңға жуық әкімшілік іс қаралған. Бұлардың арасында Петропавл халықаралық әуежайына қатысты да іс те бар. Сот аталған нысанның терроризмге қарсы қорғалу жүйесі талаптарға сай келмегендігін анықтап, басшылыққа айыппұл тағайындаған.

Айдар Смагулов – Солтүстік Қазақстан облыстық соты азаматтық істері жөніндегі алқасының төрағасы:

– Қаңтардың 17-і күні Қызылжар аудандық сотымен Петропавл халықаралық әуежайына қатысты шешім шығарылды. Нысанның іші мен маңында 51 бейнебақылау камерасы бар. Алайда, олардың 20-сынан астамының жұмыс істемейтінді белгілі болды. Бұдан бөлек, талап бойынша бейнежазба 30 тәулік сақталуы тиіс. Ал, ол әуежайда 16 тәулік қана сақталатыны анықталды. Осының негізінде әуежай басшылығына 453 мың теңге айыппұл салынды.

Былтыр өңір соттарында 2269 қылмыстық іс қаралыпты. Нәтижесінде 1386 адамға үкім шығарылды. Олардың 392-сі бас бостандығынан айрылыпты. Айту керек, 2016 жылға қарағанда қылмыстық істер мен сотталғандардың саны артқан.

Владимир Кириленко – Солтүстік Қазақстан облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы:

– Қылмыстық істердің басым бөлігі бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты. Мәселен, былтыр облыс соттарында өзгенің дүниесін жымқыру фактісі бойынша 508 іс қаралды. Сонымен қатар, қаралған қылмыстық істердің 10 пайызы есірткіні заңсыз өткізуге қатысты болды. Бұдан бөлек, 14 тұлға сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін жауапқа тартылды. Жалпы алғанда заңның ала жібін аттаған 450 адамның бостандығы шектетілді.

Айта кетейік, қазіргі таңда өңір соттарында 116 судья еңбек етуде.

Култанов Байболат