Бизнес және экономика

Биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 900 мыңға жуық салымшысы мемлекеттік сыйлықақы алды

Олар 2017 жылы шоттарында кем дегенде 453 800 теңге, яғни 200 айлық есептік көрсеткішке тең қаражат жинаған. Осы ретте айта кетейік, ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы алу үшін банк салымшылары ай сайын шоттарына 40 мың теңгеден аударып отыруы тиіс. Немесе отбасы мүшелерінің атына бірнеше салым ашып, бәріне бірдей осы соманы салып тұру керек. Бұл жағдайда мемлекеттік сыйлықақы әр шотқа аударылады.

Қажетті қаражат жиналысымен депозиттерді біріктіріп, жылдық 5% мөлшерлемесімен баспана сатып алуға болады. Мұндай мүмкіндік «Отбасылық пакет» деп аталады. Алайда, биыл қаржы институты ел бойынша барлығы 5 000 депозитке тыйым салған. Бұл шоттардың иелері қажетті мөлшерде салым жинағанымен мемлекеттік сыйлықақы ала алмаған. Өйткені, аталған салымшылар екінші деңгейлі банктерде берешектерін уақытында қайтармапты.

Берік Қасен