Спорт

Жерлес жеңіл атлеттер Азия Чемпионатынан жүлделі оралды

Осыдан бірнеше күн бұрын Иран астанасы Тегеранда жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия біріншілігі өз мәресіне жетті. Мұнда Ирина Эктова үш қарғып секіруден алдына жан салмай, Ашахабадта қанағат тұтқан күмісін алтынға алмастырды. 13,79 метрді бағындырған жерлес спортшы өзінен кейінгі қарсыласынан 42 сантиметрге артық секірді.

Ирина Эктова – жеңіл атлетикадан VIII жабық кешендегі Азия чемпионатының жеңімпазы:

– Қарсыластарым аса мықты болды деп айта алмаймын. Дегенмен, 11 спортшымен бақ сынасып, бәрінен озып түсткенім үшін қуаныштымын. Алтын жүлдеден дәмеленіп барған едім, жоспарды 100 пайыз орындадым. Енді алдағы Азия ойындарына тыңғылықты дайындалатын боламын.

Спортшыны күтіп алуға жұбайы, қызы және анасы келген. Дода нәтижесін білгенде мақтаныштан төбеміз көкке жетті дейді олар.

Евгений Эктов – Ирина Эктованың жұбайы:

– Теледидардан тікелей көрсетілім болмады, десе де ғаламтордағы live-нәтижелерді үзбей қарап отырдым. Алтын алғанын білгенде, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Зайыбым үшін қуаныштымын, одан да биік белестерден көріне берсе деймін.

Ал 400 метрге жүгіретін жерлес спринтер Михаил Литвиннің бұл жарыста жолы болмады. Жекелей сында желаяқ тек 4-ші орынды қанағат тұтты. Алайда эстафетада соңғы кезеңді сәтті жүгіріп, ел қанжығасына күміс медаль байлады.

Михаил Литвин – жеңіл атлетикадан VIII жабық кешендегі Азия чемпионатының жүлдегері:

– Жоспарды орындай алмадым. Финалға дейін сәтті жеткеніммен, мұнда әлем чемпионатының жүлдегерімен, басқа да мықты споршылармен сынға түсуге тура келді. Алайда, эстафеталық жүгірісте команданың бетін жерге қаратпадым. Ең алдымен осыған қуаныштымын. Ал жүлделер әлі бола жатар.

Бұл біріншілікте Қазақстан спортшылары 7 алтын, 4 күміс және бір қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға табан тіреді. Ертең бұл спортшыларды кезекті жаттығу күні күтіп тұр. Олар Қазақстан кубогіне дайындықтарын бастамақ.

 

Саят Ермек