Білім

Тоқшын мектеп-гимназиясының түлектері алғашқы директорларын еске алды

Натай Шаймегренов – Тоқшын мектеп-гимназиясының түлегі:

– Ол тәртіп жағынан өте қатал болатын. Алайда, жақсы көретін шәкірттеріне, оның ішінде маған да, әрқашан жеңілдіктер беріп отырушы еді. Мен 64-ші жылы мектеп бітіргеннен бері мұнда келген жоқ едім.

Химия кабинеті гимназия қабырғасын сонау 73 жылы тәмамдаған түлектердің сыныбы болған. Толық құрамда болмаса да бұл жандар араға 45 жыл салып мектеп партасына қайта отырды. Тек бұл жолы оқушы ретінде емес, қалыптасқан азамат кейпінде. Сыныптастарымен қауышуға алғашқы директордың қызы, әрі оның шәкірті Ирина Гаврилюк те келген. Білдей бір білім ошағын басқарып қана қоймай, Тимофей Гаврилюк балаларына сүйікті әке әрі отбасы ұйытқысы бола білген.

Ирина Гаврилюк – Т.Гаврилюктің қызы:

– Ол таң атқаннан түнгі 11-ге дейін мектепте жүретін. Алайда бос уақыты болғанда оны ағам екеуімізге және анашыма арнаушы еді. Басшы болғасын ба, біздің тәрбиемізге өте қатал қарады. Мен де кішкентайымнан күннің басым бөлігін мектепте өткізетінмін. Әкемнің бетін жерге қаратпау үшін, оның сабағына әрқашан дайындалып баратынмын. Мықты педагог болатын, жаңа тақырыпты керемет түсіндіруші еді.

Директорлықтан бөлек, Тимофей Гаврилюк география және астрономиядан сабақ берген. Мектеп тізгінінде отырғанда оның бас болуымен мұнда обсерватория мен планетарий жұмыс жасапты. Бұл жан басшы болған кезде мектеп қабырғасының әр бұрышы ақпаратқа толы болатын дейді жиылғандар. Мектеп түлектерінің арасында сүйікті ұстаздарының жолын қуғандар аз емес.

Валентина Ерхова – білім беру саласынының ардагері:

– Кәсіп таңдау уақыты келгенде еш күмәнсіз география мұғалімі боламын дедім. Өмірімнің 45 жылын шәкірт оқытуға арнадым. Менің бұл пәнге деген қызығушылығымды оятқан бірегей жан – Тимофей Тимофеевич болды. Сабақтарымда әрқашан бұл кісінің әдістемесін пайдаланатынмын.

Тимофей Гаврилюк 1985 жылы өмірден озған. Салтанат залында бас қосқан түлектер басшының игі істерін айтып, рухын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шара мектеп ұжымы дайындаған концертпен жалғасты.

Саят Ермек