Денсаулық сақтау

Облыстық онкологиялық диспансер аумағында жаңа нысан бой көтеруде

Күнсұлу Абабаева – Облыстық онкологиялық диспансердің патоморфолог-дәрігері:

– Зерттеу жұмыстарынан кейін аурудың диагностикасы шығарылады. Осы қорытынды арқылы ғана науқасты емдеу шараларын белгілейміз. Жұмысымыздың басым бөлігі автоматтандырылған. Өткен жылы су жаңа итальяндық, жапондық және швейцариялық 4 бірдей озық қондырғымен жабдықталдық.

Бүгінде облыстық онкологиялық диспансЕр қондырғылармен 62 пайызға қамтылған. Сондықтан, дәрігерлер жыл сайын олардың қатарын көбейтпек ниетте. Алайда, емхана аумағының аздығына байланысты, ақ халаттылар қолда бар медициналық жабдықтың өзін толыққанды пайдалана алмайды екен. Сол себепті, жарты жылдан соң патоморфолог мамандармен қоса, басқа да дәрігер жаңадан тұрғызылып жатқан нысанның игілігін көрмек.

Олег Дудяк – Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары:

– Анестезиолог мамандардың кабинетін сонда көшіріп, олардың жұмысына қолайлы жағдай тудырамыз. Бұған қоса, магнитті-резонансты томограф сатып алу жоспарда бар. Диспансер территориясында жеткілікті орын болмағандықтан, оны кейінге қалдырып жүрген едік. Сөйтіп, бірқатар кабинеттер тамыз айынан бастап жұмыстарын жаңа корпуста жалғастыратын болады.

Бір сөзбен айтқанда бұл корпус ақ халаттыларға ауадай қажет. Медицина дамыған сайын, мамандардың жұмысына қажет қондырғылардың да саны артып келеді. Оның барлығын орналастыру үшін, әзірге, бос орын жоқ. Нысанда 25 кабинет жұмыс істейтін болады. Жалпы аумағы 2000 шаршы метрден аспақ.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Онкологиялық диспансердің жаңа корпусының құрылы 3 ай бұрын бастау алды. Қазір мұндағы жұмыс қызу. Жұмысшылар жертөле қабатын тұрғызып үлгеріпті. Оның аумағы шамамен 500 шаршы метрді құрайды.

Ал, келесі аптада бірінші қабатты кірпішпен қалау жұмыстары жүргізіле бастайды. Нысан хирургия және сәулелік терапия бөлімдерін байланыстырмақ.

Амангелді Нұрмұқанов – «Севимсталькон» ЖШС бас инженері:

– Жаңа нысанның бой көтеруі үшін облыстық бюджеттен 400 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бүгінге дейін қаражаттың 50 млн-ы игерілді. Құрылысқа қажетті барлық материалдар мен қондырғылар бар.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан құрылысшылар жұмысты мерзіміне сай тапсырамыз дейді. Яғни, ағымдағы жылдың бірінші тамызында нысан қолданысқа тапсырылады.

 

Эльмира Садвокасова