Спорт

Петропавлда конькимен жүгіруден облыстық чемпионат бастау алды

Мадина Омарова – жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бүгінгі сайысқа 1 ай көлемінде дайындалдым. Биыл қарсыластар аз. Сондықтан, еш қиындықсыз жеңіске жетемін деп ойлаймын. Осыған дейін де бұл чемпионатқа қатысып, 1-ші, 2-ші орындарға ие болғанмын. Жалпы коньки тебуді бала кезімнен бастадым. Кейін қызығушылығым артып, осы спорт түрімен кәсіби түрде шұғылдануды жөн көрдім.

Сонынмен, Мадина 500 метр қашықтықты 1 минут 1 секунд ішінде айналып шықты. Ал ерлер арасында 500 метрлікті бағындырғандардың арасында Тимирязев ауданының тумасы Александр Соколов бар.

Александр Соколов жарысқа қатысушы, Тимирязев ауданы:

– Бұл спорт түрімен 6 жыл айналысып келемін. Әрине басында мұз бетінде сырғанау қиын болды. Бірақ, тез үйреніп кеттім. Бүгінгі сайыста қарсыластарымның бәрі мықты. Сондықтан, топ жару оңай болмайтыны түсінікті.

“Север-2018” ойындарының аясында өтіп жатқан сайысқа өңіріміздің әр ауданынан келген 13 команда қатысып жатыр. Барлығы 74 конькиші екі категорияға бөлініп, бақтарын сынауда.

Кристина Мамонтова – жарыстың бас төрешісі:

– Сайысқа әр ауданнан 6 спортшы, яғни 3 әйел адам мен 3 ер адам қатысып жатыр. Олар 500 және 1000 метр қашықтықты жүгіріп өтулері тиіс. Жалпы бұл чемпионаттарда әдетте Аққайың, Шал ақын, Тайынша, Ғ.Мүсірепов аудандарының конькишілері бірінші орындардан көрінеді.

Сайыс екі күнге жалғаспақ. Топ жарып шыққандары Қазақстан Чемпионатына жолдама алады.

 

Молдир Макишева