Қайырымдылық

Екатерина Бондарикке арналған 2-ші қайырымдылық концерті өтті

Катя оқып жатқан мектептің оқушылары мен мұғалімдері бұл жолы да көмектен шет қалмады. Әне-міне дегенше, оқушылар ұйымдастырған қайырымдылық концерт басталып та кетті. Сахна шымылдығы “Жаса Қазақстан” әнімен ашылды.

Ләззат Жолмұқанова – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің директоры:

– Бүгін 17 ұлттық өркендеу мектеп кешені қайырымдылық концерт ұйымдастырып отыр. 00:30-00:43 / Жақын маңда орналасқан “Орхидея”, “Океан” дүкені, “Халық банк”, “АТФ банк” және бірқатар білім ошақтары өз үлестерін қосып жатыр.

Мектептің акт залы көрермендерге лық толы. Бүгінгі шараға ұзақ уақыт дайындалған өнерлі оқушылардың көрермендері – ата-аналары. Сахнаға шығып, ән салып би билеген балалардың тілегі бір. Ол – мидың қатерлі ісігіне шалдыққан Катяның дертінен айығып кетуі.

Адема Батанова:

– Катяның тезірек жазылып кетуіне тілектеспіз. Ешқашан ауырмасын.

Полина Крылова:

– Біз қыздармен қайырымдылық кешке қатысуды жөн көрдік. “Я рисую на окне” әнін орындадық. Жалпы біз Катямен бір мектепте оқимыз. Оның тезірек мектепке оралуын күтеміз.

Бүгінгі қайырымдылық концертіне Екатерина Бондариктің өзі де келді. Жеткіншек жерлестері мен жақындарының қолдап, көмек көрсетіп жатқандарына ризашылығын білдірді.

Екатерина Бондарик:

– Барлығы бір кісідей жұмылып көмектесіп, қамқорлықтарын танытып жатыр. Оларға алғысымды білдіремін. Көңіл-күйім көтеріліп, бір қуанып қалдым. Мұндай көмек болады деп ойламаппын. Жалпы қазір өзімді бұрынғыға қарағанда жақсы сезінемін.

Жеткіншектің жағдайы біршама жақсарып қалған. Астанадағы ем-домы аяқталғаннан соң, мамыр айында Мәскеу қаласына аттанбақ.

Лариса Бондарик – Катяның анасы:

– Астанадағы емдеу курстарын аяқтап жатырмыз. Енді 2 блок қалды. Кейін Мәскеуге аттанамыз. Әзірге қаражат жетерлік.

Сонымен қатар, білім ұясының директоры мен ұстаздары да бұл шарадан шет қалмады. Мұғалімдерден құралған хор көрермендерге қазақ әндерінің поппуриін сыйлады.

Кештің бір де бір қонағы қайырымдылық шарасынан тыс қалмады. Барлық билеттер сатылды. Бұдан бөлек, концертке келген көрермендер арнайы жәшікке мүмкіндіктерінше ақша салды. Нәтижесінде 177 430 теңге жиналды.

Осылайша балалар ауыр дертке шалдыққан қатарластарына қолдан келген көмектерін көрсетті. Барлығы қала жұртшылығынан Катяның еміне 4 млн теңгеден астам қаражат жиналған.

 

Молдир Макишева