МТРА жаңалықтары

Есептік кездесулер жалғасуда

Марат Байқанов – Қиялы селолық округінің әкімі, Аққайың ауданы:


–  Кучковка ауылына дейінгі 470 метр жол жөнделді. Тағы Барыкөл ауылына дейін су тарту үшін 15 шақырым желі тартылды. Ол республикалық қаражат есебінен жүргізілді. Бұдан бөлек, округтегі кәсіпорындардың көмегімен ауылдардағы қоқыстар шығарылып, қысқы мерзімде қар тазаланады. Елді-мекендерде аббаттандыру шаралары жасалып, өткен жылы «Аумақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша Қиялы ауылында көшелерге жарық тартылды. Оған 1 млн 100 мың теңге жұмсалды.

Бұдан соң, сөз кезегі Дәурен Байтөлешовке берілді. Ол тұрғындарды ауданда атқарылып жатқан жұмыстардан құлағдар етті. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 30 млрдтан асыпты. Тағы егіс алқаптары 2,9 мың гектарға ұлғайтылған. Биыл да бұл жұмыс жалғасып, басымдық әртараптандыруға берілмек. Сөйтіп, майлы дақылдардың алқабы 46 пайызға, яғни 14 мың гектарға артпақ.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:


–  Егіс айналымы 75 пайызды құрады. Өткен жылы шаруашылықтар 2,3 млрд. теңгеге 106 бірлік техника алды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Мал шаруашылығына келер болсақ. Онымен ауданда 7 кәсіпорын белсенді араласады. Ауданда ірі қара малдың – 18,9 мың, қой мен ешкінің – 17,2 мың, жылқының – 3 мың, шошқаның – 9,5 мың басы бар. Тағы 95 мыңға жуық құс бар. 2016 жылмен салыстырғанда ет өндірісі – 5, сүт – 8,6, ал жұмыртқа 15,2 пайызға артты.

Инвестиция көлемі – 6 млрд. 690 млн. теңгені құрапты. Аудан тұрғындарын үймен қамту мәселесі де оң шешімін табуда. Өткен жылы мұнда 3028 шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Бұл ретте айта кету керек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік оң жолға қойылған. Мәселен, «Дайындық» серіктестігі өткен жылы 3 бірдей баспана тұрғызған. Бұл өзгелерге үлгі боларлық жағдай. Тағы кәсіпорын өз қаражатына жолдарды да қалыпқа келтіруде. Өйткені, жол проблемасы өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан болар аққайыңдықтар бұл мәселені жиында жиі көтерді.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:

– Смирнов ауылынан Қиялы елді мекенініне дейінгі жолдың бір бөлігі өткен жылы жөнделген болатын. Қазір тағы бір бөлігін қалыпқа келтіру жоспарланып оытр. Оған қаржы да бөлінді.

Айта кетейік, кездесуде Қиялы ауылының тұрғындарынан барлық сауалдар жазбаша түрде келіп түсті. Соның алғашқысы осы жолға қатысты болса, екіншісі тіршілік көзі жайлы. Өйткені Қиялы ауылының бір бөлігінде су жоқ екен. Мұнда 745 үй түтін түтетіп отырса, соның 65-і ғана орталықтандырылған жүйеге қосылған. Ал қалғандары ауылдағы 26 колонкаға қарап отыр.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:


–  Өткен жылы біздер жобалық семталық құжаттаманы жасап аяқтадық. Қазір оны сараптамаға жібердік. Осы процедуралардың бәрінен өткен соң ғана біз жұмысты бастай аламыз.

Бұдан бөлек, кездесуде тұрғындар ауылдағы мәдениет үйінің қашан ашылатындығын сұрастырды. Бір кездері дүркіреп тұрған мекеме қазір қаңырап бос жатқан көрінеді. Ауыл тұрғындары оны жөндеу керектігін былтырғы кездесуде де айтқан. Бірақ әлі бұл мәселе шешімін таппапты.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:

 


– Әрине округ үлкен, клуб керек-ақ. Былтыр ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің демеушілігімен жобалық сметалық құжаттар жасалды. Біздер республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді деп күткенбіз, бірақ болмады. Биыл тағы көреміз.

Тағы жиында Қиялы ауылының мектебі жөндеуді қажет ететіндігі айтылды. Әсіресе, мұндағы терезелерді ауыстыратын кез келген. Олар оқу ордасының негізі қаланған 1957 жылдан жаңартылмапты. 210 бала білім алатын мекемеде аталған жұмыстар биыл жүргізіледі деп сендірді аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Жакенов. Жалпы жиын барысында залда отырғандар сұрақ қоярда аса белсенді болмады. Ол түсінікте де, өйткені кездесуге келгендердің басым көпшілігі мұғалімдер мен аудандық әкімдіктің мамандары болды.

Мағжан Ахмадина