Спорт

Өткен жылы облыстық кардиологиялық орталықта 6000-нан астам адам ем-дом қабылдады

Азамат Мағзұмов – Облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері:

– Жыл сайын біздің мекеме 6 мыңнан астам науқасқа емдейді. Ауруханамызда жүрекке ашық операция жасалынады. “Аортокоронарное шунтирование” деп аталады. Былтыр біз бұндай әдіспен 200-ге жуық ота істедік. 1700-ден артық сырқатқа коронографиялық тексеріс жүргіздік. Олардың 700-ге жуығына стенд қойдық. Осының барлығы біздің өзіміздің негізгі көрсеткіштерімізді жақсартуға септігін тигізді.

Ал, Есіл ауданындағы Николаевка ауылының тұрғыны Жасұлан Оспановтың соңғы 2-3 жыл бойы жүрегі шаншып, сыр бере бастапты. Уақытылы ем-домын қабылдап жүргенімен қаңтардың 10-ы күні 63 жастағы ер азамат жіті миокард инфарктісіне ұшырайды. Науқас бірден кардиологиялық орталыққа жеткізілген. 1 аптадай оған мұнда тиісті емдеу шаралары жүргізіліп, одан соң ота жасалыпты. Міне, Жасұлан Оспановтың бүгіндері беті бері қарап, жағдайы жақсарған көрінеді.

Жасұлан Оспанов:

– Жақсарып келемін ғой. Әлі шығаратын емес. Бір-екі күн ұстаймыз деді.

Қазіргі таңда кардиологиялық орталықтың мүмкіншіліктері зор. Жыл сайын емдеу орнының материалдық-техникалық базасы жаңа құрылғылармен толығып отырады. Сондай-ақ, өткен жылы жергілікті бюджеттен 99,7 млн теңге қаражат бөлініп, кардиология және терапия бөлімдеріне күрделі жөңдеу жүргізілген.

Азамат Мағзұмов – Облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері:

– Осы қаражатқа күрделі жөндеуден бөлек, мекеменің шатыры ауыстырылды. 180 млн теңгеге жуық қаражатқа жаңа қоңдырғы сатып алынды.

Айта кетсек, орталықтың ақ халатты абзал жандары әрдайым біліктіліктерін артырып отырады. Былтырдың өзінде 27 дәрігер Австрия, Франция, Германия, Жапония және өзге шет елдерге барып, тәжірибе алмасқан.

Азамат Мағзұмов – Облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері:

– Біздің облысымызда жүрек ауруынан өлім көрсеткіші 19 пайызға төмендеген. Оның ішінде жіті инфаркттан өлім 8 пайыздан 6,3 пайызға азайды. Әр бір 100 мың тұрғынға шаққанда. Бұл өте жақсы көрсеткіш.

Жалпы бүгінде Кардиологиялық орталықта 370-ге жуық маман қызмет етеді. Оның 60-ы – дәрігер.

Тогжан Акмагамбетова