Күнсұлу Ілкенова – “Қоғамдық келісім” КММ бөлім жетекшісі:
– Биылғы бал басқаларынан ерекше болады. Тосын сыйлар дайындап отырмыз. Бұл шараның бір бөлшегі атануды меже етіп, кастингке келгендер қиындықтарға, дайындықтардың ауыр графигіне дайын болулары тиіс. Жиналған қаражат дәстүрге сай науқас балаларға дәрі-дәрімек алуға, ем-дом шараларын төлеуге жұмсалады. Көмек көрсететін балғындардың тізімі әзірге белгісіз. Оны денсаулық сақтау басқармасымен талқылау үстіндеміз.
Балдың дебютанты атануды көздеген ұл-қыздар аз емес. Олармен ұйымдастырушылар алқасы тілдесіп, шараның мән-жайын түсіндіруде. Жеткіншектердің арасында бұған дейін бимен айналыспағандары да бар. Алайда үміткер Дана Шәйкенова қажеттінің барлығын үйренуге дайын.
Дана Шайкенова – үміткер:
– Мен бұл шара жайлы “Инстаграмм” желісінен білдім. Көмекке ат салысқым келеді, сондай-ақ өзімді көрсетсем деймін. Мен биге барған жоқпын, бірақ жақсы меңгеремін деп ойлаймын.
Үміткерлер іріктеудің бірнеше сатысынан өтуі тиіс. Сыннан сүрінбегендер ғана балда вальс билеп, кештің сәнін келтіру мүмкіндігіне ие болады.
Саят Ермек – тілші:
– Қазір бұл жігіттер мен қыздар сауалнама толтырып, кастингке дайындалу үстінде. Іріктелгендерінің ауқымды шараға дайындалуы үшін 4 ай уақыты болады.
Кастинг мына бөлмеде өтіп жатыр. Үміткерлер ұйымдастырушылармен жеке-жеке тілдесіп, сұрақтарға жауап беруде. Сондай-ақ жігіттер мен қыздардың сырт келбеттеріне де ерекше мән берілді. Айта кетейік, қайырымдылық балында былтырғыдай құнды заттардың аукционы ұйымдастырылады. Сатылымға қандай бұйымдардың қойылатыны әлі белгісіз. Мейірімділік мерекесі мамырдың 18-і “Түркістан” қонақ үй кешеніндегі “Ақ тілек” мейрамханасында өтеді деп жоспарланып отыр.
Саят Ермек