Қоғам

Көмір тапшылығы байқалмайды

Шұбаркөл көмірі жылуды жақсы беріп, оны ұзақ уақыт ұстап тұрады. Оның күлі де аз дейді тұтынушылар. Сондықтан да нақ осы қара отын түрі солтүстікқазақстандықтар арасында жоғары сұранысқа ие. Сергей Деров қысқыға аталмыш отының 3 тоннасын алыпты. Бірақ аязды күндері көмірді көбірек пайдаланып қойған қала тұрғыны, алдағы күндерге біраз қор жасамақшы.

Сергей Дёров – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Жақсы көмірді аз әкеледі. Жаманы жеткілікті ғой, бірақ оны алғымыз келмейді. Жануы нашар, әрі жылуды нашар береді. Қазір міне, маған керек Шұбаркөл көмірін әкелді. Бірақ оны үйге дейін жеткізу қиындық тудырып отыр. Машина аз дейді. Ал тракторым суықта от алмай қалды.

Осылайша, көмірді алған күннің өзінде кейбірі оны үйіне жеткізе алмай дал. Дегенмен, пешін жағатын отынға зәру жандар көмірді жеңіл көлікпен болсын, қапқа салып әкетіп жатыр. Таң сәріден мұнда 8 вагон түсірілген екен. Ол шамамен 630 тонна. Компания қызметкерлері отынның қоры әлі жеткілікті деп отыр.

Мұратхан Тұрмұхамбетов «Турды-оглы» ЖК менеджері:

– Осы айда біздер 50 вагон көмір жеткізу жөнінде келісімшарт жасастық. 37-сі жетті. Қалғаны әлі жоқ. Тұрғындар дүрлігіп жатқан жоқ. Көмір бір аптадай ғана болған жоқ. Қазір жетті. Ақырын келіп алып жатыр. Негізінен оны қала тұрғындары мен жақын маңдағы ауыл азаматтары әкетуде.

Компания көмірді Шұбаркөлден делдалдарсыз жеткізетін көрінеді. Сондықтан маусым басталғалы оның 40 мың тоннасын саудалап үлгерген. 1 тонна қара отының құны – 14 мың 100 теңге. Бұл жаздағы бағадан сәл жоғары. Жалпы өңір тұрғындарына қысқы уақытқа 410 мың тонна, ал Петропавл жылу электр орталығымен өзге де бюджеттік және коммерциалық ұйымдарға 2 млн тоннадан астам көмір қажет екен.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және тұрғын – үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Бүгіндері Петропавл жылу электр орталығындағы қара отынның қоры – 170 мың тоннаның маңайында. Бұл 21 күнге жетеді. Ал бюджеттік мекемелерге отын толығымен жаз айында жеткізілді. Тұрғындар қажеттілігін болса, 99 пайызға жауып отырмыз. Қазір темір жол тупиктерінде 28 мың тонна көмір бар. Соның 4,1 мың тоннасы Петропавлда сақталған. Қара отының барлық түрі бар.

Өңірде көмір осындай 30 қоймадан босатылады. Олардағы қара отынның құны – 7 мен 16 мың теңгенің аралығында. Ең арзаны – Екібастұзда шығарылатын көмір екен. Оны теріскейліктер ала қоймайтын көрінеді. Сондықтан бұл өнімді табуда мәселе туындамайды.

 

Магжан Ахмадина