Әр түрлі

Тұрғын үй кезегінде тұрғандар құжаттарын жаңартуы керек

Бүгіндері шаһардың 13 мыңнан астам тұрғыны пәтер кезегінде тұр. Бұл мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға үмітті жандар ғана. Олардың саны күн сайын өзгеріп тұрады дейді мамандар. Дегенмен пәтер кезегіндегілердің көбі әскери адамдар, мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері екен. Олардың саны 7 мыңнан асады.

Қалғандары әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Алдағы уақытта тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін ортақ база құрылмақ. Ел бойынша жұмыс істейтін бұл жүйеге өтініш электронды форматта берілетін болады. Яғни, ол бапанаға мұқтаж жандарды қағазбастылықтан арылтып, жемқорлық фактілерін болдырмауға септеседі. Сондықтан, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға үмітті жандар наурыз айының 15-не дейін құжаттарын жаңартуы тиіс.

Бауыржан Бейсембаев – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Ел аумағында барлық отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы тиіс. Балалардың туу туралы куәліктері, жеке басты куәлендіретін және неке қию туралы құжаттардың көшірмесін тапсыру керек. Егер әлеуметтік аз қамтылған отбасылар болса, айталық мүмкіндігі шектеулі жандар мүгедектігін растайтын құжаттарының көшірмесін әкелуі тиіс. Көпбалалы аналар, қосымша, жәрдемақы алу туралы анықтамаларын беруі керек. Ал мемлекеттік мекеме және бюджеттік ұйым қызметкерлері жұмысынан анықтама әкеледі. Кейін біз оны тексеретін боламыз.

 

Магжан Ахмадина