Құқық қорғау органдары

Қала тұрғыны ғаламтор алаяқтарына алданып қалды

Нәтижесінде, облыс тұрғыны танымал сайттардың бірінде сатылымға шағырған ішігі үшін 50 мың теңге көлемінде алдын-ала жарна алудың орнына, өз картасында жатқан 20 мың теңгесінен айырылып қалды. Алдымен ғаламтор айлакері сатып алушы кейпінде азаматшаға тауар үшін алдын-ала жарна төлеймін деген. Бұған мәз болған жәбірленуші оған өзінің ЖСН, банктік картасының сандарын жібереді. Бұдан бөлек банк жіберген СМС-хабарламадағы құпия сандарды да айтып қойған. Жоғарыда аталған ақпарат қолына тиген соң тәжірибелі алаяқ шоттағы ақшаны еш қиындықсыз жымқырған. Сондықтан, тәртіп сақшылары жеке бастың мәліметтерін құпияда ұстауға кеңес береді.

Асан Мейрамов – Петропавл қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары:

– Петропавл қаласының тұрғындарына бейтаныс адамдарға банк карталары туралы ақпаратты, ЖСН бермеуге кеңес береміз. Бұл мәліметтерді пайдаланып, алаяқтар сіздің шотыңыздағы қаражатты ұрлап кетулері мүмкін.

Сондай-ақ бейтаныс адамдармен сауда жүргізгенде алдын-ала жарнаға келіспеген абзал. WhatsApp қосымшасы арқылы карта немесе чегіңізді суретке түсіріп жібермеңіз. Егер алаяқтардың қақпанына түссеңіз бірден сізге қызмет көрсететін банк филиалына, кейін полицияға хабарласқан жөн.

 

Саят Ермек