Қоғам

Қақаған аяз басталғаннан бері дәрігерлер көмегіне 6 адам жүгінген

Валерий Грибашов – 3-ші қалалық аурухананың жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі:

– Қаңтардың 20-сынан бері 6 адам көмекке жүгінді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл төмен көрсеткіш. Тұрғылықты мекендері жоқ екі адамның алайда жағдайлары мүшкіл болып түсті. Аяқ-қолдарын 3-ші дәрежелі үсік шалған. Сондықтан, саусақтарын кесіп тастауға мәжбүр болдық.

Мамандардың сөзінше, қараша айларында үсік шалғандардың саны көбірек болады екен. Себебі, ауа температурасына аса мән бермей, жеңіл киініп шыққан адамдар қалай тонып қалғандарын да білмей қалады. Жалпы, осындай жағдайға душар болмау үшін жылы киіну аздық етеді. Бұл ретте ең бастысы аяқ киім дымқыл болмағаны шарт. Суықтан қорғануды қала тұрғындары жақсы білеміз дейді.

– Өз басым қыс мезгілін жақсы көремін. Сондықтан, қатты суықтарда тоңып қалмаудың амал-тәсілдерін де жақсы білемін. Суық түсе бастааған уақыттан-ақ, жылырақ киінемін.

– Қазір Алматыда тұрып жатырмын. Сол жақтың ауа райына бойым үйреніп кетті. Мына суықта үйде отыру қажет сияқты. Егер қолды үсік шалса, матамен тығыздап байлау қажет немесе қармен уқалаған жөн.

Ал мамандар болса, халық арасында кең таралған бұл тәсілдер алдамшы нәтиже береді дейді. Қармен қолды жылытуға мүлдем болмайды. Бұл амал үсікті одан әрі өршітетін көрінеді. Бірінші кезекте, қолды матамен немесе шәлімен орау қажет. Мүмкіндік болса, жылы суға малып, кейін жараны таңған жөн. Сонда қан айналымы да дұрыс жұмыс істейді.

– Қаңтардың қытымыр суығына Петропавл тұрғындары бірге төтеп беруге тырысуда. Қазір әлеуметтік желілерде мынадай хабарламаларды жиі кездестіруге болады. Абзал жандар жол-жөнекей жаяу жүргіншілерді қажетті жерлеріне дейін тегін апарып салуда. Себебі, қақаған аязда автобусты ұзақ уақыт бойы күтіп тұру мүмкін емес.

Қайырымдылық жасап жатқандардың арасында Трасса кз жанар-жағармай бекеті де бар. Пушкин және Батыр Баян көшелері бойында орналасқан бұл нысандарда тегін ыстық шай таратылуда. Күніне мұнда 100-ден астам адам жылынуға келеді екен.

Данияр Қапанов – «Трасса.КЗ» АЖҚС желілерін басқару бойынша менеджері:

– Қатты суық басталысымен, осындай науқанды ұйымдастырдық. Біздің жанар-жағармай бекетінің клиенті болу шарт емес. Келушілердің арасында кішкентай балалар мен егде жастағы адамдар да бар.

Атап өту қажет, бұндай ауа райы осы аптаның соңына дейін сақталмақ.

 

Эльмира Садвокасова