Әр түрлі

Петропавл ботаникалық бағы – жарақаттанған жануарларға пана

Алайда, құстардың бұл түрі күніне шамамен 5 келі балық жейді. Яғни, оларға үй жағдайында күтім көрсету арзанға түспейді. Сондықтан болар, аудан тұрғыны осыдан бір ай бұрын бірқазанды шаһардағы ботаникалық баққа жөнелткен.

Екатерина Воложна – “Қызылжар оранжереясы” ботаникалық бағының экскурсия жетекшісі:

– Бізге құсты еріктілер алып келді. Торға жалғыз өзін қамамай, аққулармен бірге орналастырдық. Алғашында әбден жүдеу болған еді, қазір біршама салмақ қосты, себебі күнде тамақтандырамыз. Басты азығы – шабақ пен салпыауыз балықтары.

Ерекше құсты азықпен қамту “Қызылжар оранжереясына” да оңайға түспейді. Оларға “Добрая Планета” қайырымдылық қоры қол ұшын созған.

Татьяна Мухамедзянова – “Добрая Планета” қайырымдылық қорының директоры:

– Қазір халықпен қатынас орнатудамыз. Хабарландырулар ілдік, әлеуметтік желілерде акция жарияладық, БАҚ-тың көмегіне де жүгіндік. Содан бері жанашыр адамдар күнде балық әкеліп тұрады, кейбірі ақшалай көмектесіп жатады. Еріктілер келіп, Пиляны тамақтандырады.

Бірнеше ай бойы адамның қолынан азық алып үйренген Пиляның енді жабайы ортаға қайта бейімделуі екі талай. Сондықтан алдағы уақытта ботаникалық бақ бұл құстың тұрақты мекеніне айналмақ. Пилядан бөлек, мына шағын сарайды аққу, бүркіт секілді құстар, одан қалды жанат, есек, ор қоян сынды жануарлар мекен етеді. Аталған қанаттылар мен төртаяқтылардың кейбірі жабайы ортада жарақат алған, не кеш туып, өңірде қалып қойған. Әзірге қысқы уақытта фауна өкілдері жабық жерде күтіп бапталады, ал жаз айларында олар “Қызылжар оранжереясының” сәнін келтіреді.

 

Саят Ермек