Қоғам

Пара алған қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Жемқор басшы, бұдан бөлек, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Еске сала кетсек, айыпталушы “Мысин” жеке кәсіпкерлігінің өкілдерінен пара алғаны үшін құрықталған болатын. Өткен жылдың наурыз айында заңбұзушыға фирманың есепшісі келіп, кәсіпорынның жұмысын тоқтатуды жеделдетуге жәрдемдесіңіз деп қолға салған. Өйткені жеке кәсіпкер ісін доғарып, Ресейге қоныс аудармақ болыпты.

Заңбұзушы компанияның өтінішін орындау үшін 1000 доллар көлемінде пара сұраған. Алайда бұл кәсіпкерлікке бірқатар айыппұлдар салынғандықтан, іс тежеліп, ақыры шенеунік уәдесін орындай алмайтынын айтады. Заңсыз алған қаражатты қайтарамын деп жүргенде аталмыш факті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің назарына іліккен. Алдымен заңбұзушы кінәсін мойындаса, кейін өз сөзінен бас тартады. Десе де, шенеуніктің кінәсі толығымен дәлелденіп отыр. Жалпы Есмағзұм Байбосынов бұл қызметті төрт жылдың көлемінде атқарып келген.

 

Молдир Макишева