Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Гүлнар Әмренова – Петропавл қалалық қаржы бөлімінің басшысы:

– Біздерге облыстық маслихаттың шешімі бойынша 1 млрд 700 млн теңгеден астам қаржы бағытталған. Оның 1 млрд 600 млн теңгеден астамы тұрғын үй құрылысына жұмсалмақ. Соның арқасында 7 көппәтерлі баспана мен Солнечный кентінде үйлер бой көтермек. Тағы 87 млн теңгеге жуық қаржы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында желілерді жөндеуге жұмсалмақ.

Бұдан бөлек, Шухов, Алматинская, Парковая, Қаныш Сәтбаев көшелеріндегі су өткізгіш және кәріздік құбырларды қайта қалыпқа келтіру үшін жобалық- сметалық құжатты жасауға 17 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, түскен қосымша қаражат ДСР ауданындағы жер учаскелерін сатып алуға бағытталмақ. Сөйтіп, Жамбыл Жабаев көшесі бойында 500 орынға шақталған қазақ театрын тұрғызу үшін қосымша 200 млн теңге көлемінде қаржы керек екен. Осы ретте кеңес мүшелері қаражаттың қалай бағытталып және жер телімдерінің қалай бағаланып жатқандығын сұрастырды.

Гүлнар Әмренова – Петропавл қалалық қаржы бөлімінің басшысы:

– Біз әр жер телімін бағалаймыз. Сосын үйлердің тұрғындарымен кеңесеміз. Ол жерде орналасқан нысаның жағдайына қарай қаржы төленеді. Жалпы қазір Жамбыл Жабаев көшесінде ауқымды құрылыс жұмыстары бастау алмақ. Ол жерде Оқушылар сарайы, Тенис корты, қазақ театры және баспаналар салу көзделген.

Бюджетті нақтылау жобасын кеңес мүшелері бірауыздан қолдады. Содан кейін мектеп, балабақшалар жанында бағдаршамдар орнату қажеттігін айтты.

Александр Казанцев – қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Береке шағын ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жанында бірде-бір бағдаршам жоқ. Ол жерде көліктер көп жүреді. Сондықтан, жол қозғалысын реттейтін құрылғыны сол маңға орнату керек деп есептеймін.

Бұл мәселені кеңес мүшелері алдағы уақытта тағы қарастырмақ.

 

Магжан Ахмадина