Мәдениет

Есімі аңызға айналған диктор Бүркіт Бекмағанбетов облыс орталығында шығармашылық кешін өткізді

Бүркіт Бекмағанбетов мақтауды қажет етпейді. Ерекше дауысқа ие диктор еліміздің қалың жұртшылығына жақсы таныс. Сондай-ақ, әншілік, сазгерлік, айтыскерлігі өнері бір төбе.

Кәмила Әлібаева – әнші, термеші, Петропавл қаласы:

– Бәкеңнің “Сал дәурен” әнін алғаш мен орындағанмын. Қазіргі таңда ол ән халық сүйіп тыңдайтын әндердің біріне айналды. Халықтың Бүркіт Бекмағанбетовке ілтипаты ерекше. “Есілдің мен де бір ерке ұлымын” атты шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтеді деген үміттемін.

Абсалы Салық – әнші, термеші, Көкшетау қаласы:

– Шығармашылық кеште Бүркіт Бекмағанбетовтың әндері мен термелерін орындаймын. Сөзі де, ні де өзінікі. Туындылары көңілге қонымды, елдің жүрегінен орын алған.

Араға 30 жыл салып, туған жеріне келген Бүркіт Бекмағанбетов халқына, Отанына деген сүйіспеншілігін өзі шығарған өлең шумақтары арқылы жеткізді. Сахна төрінде төл әндерін шырқата салып, зал толы тыңдарманның ерекше құрмет- қошеметіне бөленді.

Алматы, Астана, Көкшетау қалаларынан арнайы шақыртумен келген өнерпаздар болса, Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Бүркіт Бекмағанбетовтың әндерін орындады.

Бұл адам үшін әр сәт бағалы. Қанша жерден қарбалас болып жатса да өнер иесі сахна сыртында жастарға уақыт бөліп, өскелең ұрпақпен сұхбаттасудың ретін тауып жатты.

Алмагүл Тастакова – М. Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті:

– Аузы дуалы ағаларым мен апаларымның жолы жалғастырамын. Болашақта қаламы қарымды ақын ретінде танылып, мәдениет саласына зор үлесімді қосуды армандаймын.

Бүркіт Бекмағанбетовтың “Есілдің мен де бір ерке ұлымын” шығармашылық кеші 2,5 сағатқа созылды. Араға 30 жыл салып жерлестерімен сағына қауышқан ер елге деген жүрегінің жылуын еңбектерімен білдірді.

Бүркіт Бекмағанбетов – КСРО журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Республикалық айтыстардың дипломанты:

– Бұл менің есеп беру кешім. Халыққа қайда жүргенімді, не істеп жүргенімді айту үшін келдім. Шығармашылық кешті өткізуге қолдау білдірген, атсалысқан жергілікті билікке, өнерпаздарға алғысым шексіз.

Бірегей дауыс иесі Бүркіт Бекмағанбетов бүгінде 67 жаста. Зейнет жасына шықса да сүйікті ісін жалғастырып жүр. Қазіргі таңда ол Алматы қаласының орталық стадионының дикторы болып жұмыс істейді.

Берік Қасен