Білім

Балалар мен жастардың ғылыми–техникалық шығармашылығын дамыту

Шер Раиса – ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– Президент Жолдауының 7-ші бағытында барлық өңірлердегі оқушылар сарайында балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларын құру керектігі айтылады. Ол жерде компьтерлер, зертханалар, 3D-принтерлер болғаны жөн. Сондай заманауи нысандарда түрлі жобалар әзірлеуге, топ болып жұмыс атқаруға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде білікті кадрларды дайындауға ықпал етеді.

Бұл бағытта теріскейде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Күзде облыс орталығында зәулім оқушылар сарайы ашылмақ. Онда жастарымыз ғылыми-техникалық бағытта қосымша тәжірибе жинақтайды. Соңғы үлгідегі қондырғылармен жарақталатын нысанда ұл-қыздар ауыл шаруашылығы, өндіріс, IT технология бойынша білімдерін толықтырып, түрлі жобалар әзірлемек.

Жалпы, қазіргі таңда өңірде ғылыми-техникалық бағытта қосымша білім беретін 77 ұйым бар. Оларда теріскейлік оқушылардың 57% оқиды. Биыл облыста робототехника саласын дамытуға көп көңіл бөлінбек.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– 2017 жылы өңірдегі робототехинка кабинеттерінің жалпы үлесі 10 пайызды құрады. Биыл заманауи сыныптардың 30 пайызға дейін арттырмақпыз. Бұл жастардың ғылыммен көбірек айналысуларына мүмкіндік береді.

Дегенмен, қазір елімізде қосымша білім беру бағытында өзекті мәселелер де баршылық. Қазақстанда жастарды сапалы оқытатын маманар тапшы. Бұл өзекті проблеманы үйлестіру кеңесінің төрағасы Александр Пашкеевич көтерді. Ол аталған мәселе турасындағы сауалын жақын арада Білім және ғылым министрлігіне жолдамақ. Айта кетейік, азамат Ақтөбе қаласындағы Техникалық шығармашылық орталыққа жетекшілік етеді.

Александр Пашкеевич – Техникалық шығармашылық орталықтың директоры, Ақтөбе қаласы:

– Біздің Техникалық шығармашылық орталық 23 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Ақтөбе қаласы мен облыс аумағында 12 филиалымыз бар. Оларда жастар инженерлік-техникалық мамандықтың қыр-сырын меңгереді. Түрлі спорттық жарыстар өткіземіз. Сайыстарда ұл-қыздар бақтарын сынап, тәжірбие жинақтайды.

Александр Пашкеевич теріскейде оқушылар сарайы ашылған соң онда білімдерімен бөлісетіндігін айтты. Өзі Ақтөбеде басқаратын орталықта солтүстікқазақстандық мамандарды оқытпақ.
Жалпы бүгінгі жиыннан соң қатысушылар білім беру ұйымдарындағы ғылыми-техникалық шығармашылық пен робототехниканы дамыту тақырыбында 5 алаңда өткен семинарға қатысты.

Култанов Байболат