Құқық қорғау органдары

Қала базарларының бірінде ІІД жедел-іздестіру бөлімшесі жұмыс істеп тұр

Мұнда бес тәртіп сақшысы күнделікті қызметін атқарып, базар ішіндегі тәртіптің сақталуын қадағалайды. Өткен жылы мамандар бірнеше заңбұзушыны ұстапты.

Рафаиль Халитов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы:

– 2017 жылы Петропавл қ. Ішкі істер басқармасының жедел-іздестіру бөлімшесі «Алтын Арман» базарының аумағында орналасқан бейнекамералар арқылы 23 қылмысты ашты. Оның 22-сі бөтеннің мүлкін ұрлау және біреуі алаяқтық фактісі.

«Алтын Арман» базарының ішіне 127 бейнебақылау камерасы қойылған. Құрылғыларды сауда орнының әкімшілігі өз қаражаты есебінен орнатыпты. Сауда нысанында болып жатқан жағдайды жедел-іздестіру бөлімшесіндегілер монитор арқылы бақылап отырады. Сонымен қатар, сол арада бұрындары басы істі болған тұлғалардың жеке басын анықтау мүмкіндігіне ие.

Рафаиль Халитов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы:


– Базарларға немесе адам көп жиналатын орындарға келгенде сақ болып, бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Мүлкіңіз қолды болған жағдайда, уақыт оздырмай полицияға хабарласыңыз. Осылайша, сіздер заңбұзушыны ізін суытпай іздеп табуға өз үлесіңізді қосасыз.

Тәртіп сақшыларының айтынша, камералар барлық сауда орындарында болуы тиіс. Олардың көмегімен құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, кейін бейнетүсірілімді айғақ ретінде пайдаланауға болады.

Берік Қасен