Қайырымдылық

Катя Бондарикке арналған қайырымдылық концерт өтті

15 жасар бойжеткен соңғы 12 ай ішінде 33 рет сәуле емін қабылдаған. Әлі де алдағы ем-дом шаралары қаржы қажет. Сондықтан, қала тұрғындары бойжеткенге көмек ретінде қайырымдылық концертін ұйымдастыруды шешкен. Жүректері мейірімге толы жандар жәшікке шама шарқынша ақша салды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерден мұқтаж жанға көмек керектігін естіген теріскейлік қолөнер шеберлері мен мектеп оқушылары да жәрмеңке ұйымдастырып, өз бұйымдарын сатуда. Бұл шарадан жиналған қаражат Екатеринаның еміне жұмсалмақ.

Лариса Бондарик – Катяның анасы:

– Қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, ат салысқан жандарға алғысымды білдіремін. Бұндай көмек болады деп күтпеп едім. Жалпы Катяның бұл індеті жайлы 2016 жылы желтоқсанның 15-і белгілі болды. Өткен жылдың соңында Астанада ота жасадық. Ісікті толығымен алып тастады. Қазір Катяны Мәскеу қаласындағы дәрігерлерге көрсетпек ойым бар.

Көп ұзамай жәрмеңкеден кейін концерт те басталып кетті. Игі іс жасауға ұмтылған әртістер, каратешілер мен бишілер кезекпен сахна төріне шығуда.

Катя да кезінде би үйірмесіне қатысып, мына өнерпаздар сияқты сахнада би билеген. Содан болар, осындай шарадан “Арай” би үйірмесі де шет қалмады.

Наргиз Жоламанова – “Арай” би ансамблінің бишісі:

– Катяны біз өте жақсы танимыз. Түрлі шараларда жиі кездесетінбіз. Осындай қайырымдылық шарасына өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Біз үшін бұл еш қиындық тудырмайды, ал Катяға үлкен көмек, әрі қолдау болары анық.

Катя 17-ші мектепте оқыған. Бүгін оны қолдап, мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары келіп отыр. Шарапаты мол игі істі ұйымдастыру да осы мектептің бастамасы. Арнайы сатылған билеттен түскен ақша Катяның анасына табысталады.

Ләззат Жолмұқанова – №17 ұлттық өркендеу мектеп кешенінің директоры:

– 17-ші мектеп оқушысы Екатерина Бондарик науқас болғандықтан, біз барлық күшімізді салып көмек көрсетіп жатырмыз. Бізден басқа қала мектептері де ат салысып жатыр.

Катяның сыныптастары да құр қол отырмай, әлеуметтік желіде парақша ашып, бойжеткен туралы барлық ақпаратты жүктеп отырады.

– Сынып жетекшімізбен бірге әлеуметтік желіде парақша аштық. Онда біз сыныптасымыздың жағдайы туралы ақпарат жүктеп отырамыз. Парақшаның көмегі тиді. Қазір күн сайын Катяның анасының есеп шотына қаражат аударылып отырады.

– Катяны мен 6 жасымнан танимын. Ол өте мейірімді, кеңпейілді адам. Осындай шараларға қатысу мен үшін өте маңызды.

Катяның еміне барлығы 3 млн 225 мың теңге жиналды. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болары анық. Бүгінгі кештің мақсаты да – осы.

Молдир Макишева