МТРА жаңалықтары

Жаңа туған сәбилерді тіркеу әдісі жеңілдей түсті

Бұл жаңашылдықты құп көрген ана, баласын бірден тіркеуге тұрғызған. Бұған нәзік жанды небәрі 15 минутын жұмсапты. Осылайша, баланың туу туралы куәлігі үш күннен соң дайын болуы тиіс еді. Алайда, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары Маринаны қуантып, маңызды құжатты бүгін салтанатты түрде табыс етті. Енді міне оның ұлы Юрий Гаврюшев – Қазақстанның азаматы деген құжаты қолында.

Марина Гаврюшева – Тайынша қаласының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Маған алдымен смс-хабарлама арқылы құттықтау келді. Әрі қарай баланы тіркеуге тұрғызу жөніндегі смс алдым. Содан кейін бірінен сон бірі қосымша ақпарат сұраған хабарламалар келіп жатты. Мен оларға жауап бердім. Кейін өтінішім қабылданғаны жөніндегі хабарлама алдым. Бұл сәбидің қасынан аттап баса алмайтын біздер үшін өте ыңғайлы. Барлық аналарға қолдануға кеңес беремін.

Марина секілді жаңа босанған аналарға ендігі кезекте автоматты түрде осындай хабарлама келеді. Халыққа қызмет көрсету орталығына сәбидің дүниеге келгені туралы ақпаратты перзентхана қызметкерлері береді. Басқа мәліметтерді тіркеуші орган тиісті ақпараттық жүйелерден жинап, өзге деректерді смс-хабарлама арқылы ата-анадан сұратады. Сондай-ақ жас отбасыларға телефон арқылы жәрдемақыларды рәсімдеу және сәбилерін балабақшаға кезекке қою мүмкіндігі берілген.

Серік Бейсенов – ХҚКО СҚО бойынша филиалының директоры:

– Бұл бағдарлама ел бойынша 2017 жылдың соңғы күндерінен жұмысын бастады. Осындай смс құттықтаулар барлық аналарға жолданады. Кейін ата-аналар куәлікті халыққа қызмет көрсету орталығынан алып кете алады, немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады.

Айта кетейік осындай смс арқылы баланы тіркеуге өтініш жасау жобасы облыста қантардың 9-ынан жұмыс істей бастаған. Бүгінге дейін 6 мыңдай солтүстікқазақстандық келіншекке смс-хабарлама арқылы құттықтау келіп, телефонның көмегімен бала туу туралы куәлік жасатуға ұсыныс түскен. Алайда бұндай заманауи мүмкүндікті тек әрбір 5-ші әйел ғана пайдаланыпты.