Әр түрлі

Петропавлда ресейлік омарташылырдың бал жәрмеңкесі өтуде

Анастасия Екимова – сатушы-консультант:

– Қарақұмық балы – бағалы саналады. Өнім құрамында темір мөлшері өте көп. Анемия ауруынан айығуға көмектеседі. Әрі қан айналымын дұрыстайды. Бұдан бөлек, бауырдың жұмысын жақсартады.

Жалпы, жәрмеңкеге ресейлік омарташылар балдың 20-дан аса түрін әкеліпті. Олардың бағалары әр түрлі. Мысалы, ара желімінен жасалған өнімнің 1 келісі 2800 теңге тұрады. Бұл жердегі ең қымбат тауар – балтозаң балы.

– Балтозаң балының 1 келісі 6 мың теңге тұрады. Бағасы өзгелерден жоғары. Дегенмен, табиғи таза өнім денсаулыққа пайдалы. Ол қан қысымы мен иммунитетті қалыпқа келтіреді. Ағзаны тазалайды. Және де жүрек ауруларынан айығуға жәрдемдеседі.

Сатушы-консультант Анастасия Екимова балтозаң балының 1 қасығын күнде таңертен аш қарынға жеудің пайдасы мол дейді. Онымен бірге су немесе шай ішпеген абзал. Өйткені, сұйықтық өнім бойындағы дәрумендерді шайып тастайды екен. Бұл балды үздіксіз 1-1,5 ай тұтыну шипасын молынан береді. Бұған қоса, жәрмеңкеде тозаңның өзі де сатылады. Оның беттегі әжімді кетіретін көмегі бар. Меймандар қаламызға әйгілі Азов халвасын да әкеліпті.

Анастасия Екимова – сатушы-консультант:

– Сатылымда халва да бар. Азов қаласында шығарылатын өнім 80-ші жылдардағы әдіс бойынша әзірленген. Өнім күнбағыспен қанттан дайындалады. Табиғи таза. Дәмі тіл үйіреді.

Айта кетейік, ресейлік омарташылар ұйымдастырған бал жәрмеңкесі Петропавлда қаңтардың 14-іне дейін жалғаспақ. Жергілікті тұрғындар табиғи таза өнімді Кеншінбаев көшесі, 22 мекен жайы бойынша орналасқан “Жастар сарайы”-нан таңғы сағат 10 мен кешкі 19:00 аралығында сатып ала алады.

Култанов Байболат