Ауыл шаруашылығы

Астықты сатып алу үрдісі электронды форматта жүргізілетін болады

Сәбит Қашқымбаев – «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

– Біздің корпорация саналған квотаны қағаз түрінде алып, әкімдіктегі комиссияға қаратады. Комиссия квота мөлшерін қарастырып, келісім беріп қол қояды. Кейін фермер тек өзінің ақшасын күтіп отырады.

Бөлінетін квота мөлшерін анықтау үшін әр тауар өндіруші өзіне тиесілі жер көлемі мен астық егілген жердің аумағы жайлы ақпарды жүйеге енгізуі тиіс. Бұл ақпарат автоматты түрде мультиспектралды жер серіктік фотосуреттер арқылы тексеріледі, сондықтан аграрийлер сатылуы тиіс астық мөлшерін заңсыз жоғарылата алмайды. Бір тауар өндіруші корпорацияға қанша тонна бидай сата алады, оның мөлшері қалай есептеледі? Осының бәрін жүйені жасап шығарған «Ақпараттық тіркеу орталығы» АҚ өкілі отырыс барысында өңір аграрийлеріне егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Қайрат Сұлтанбеков – «Ақпараттық тіркеу орталығы» АҚ бас маманы:


– Мәселен, фермердің қарамағында 500 гектар жер бар. Оның 70-і жайылым алқаптар делік. Қалған 430 гектардың 100-іне ғана астық ексе, аграрий квотасын сол еккен аумақ үшін ғана ала алады. Бұл санды жүйе өзі есептеп шығарады. Астық егілген аумақтың көлемін біз жер серік арқылы бақылай аламыз, сондықтан алаяқтық әрекеттер жүзеге аспайды.

3-сыныпты бидайдың бір тоннасын «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» 42 мың теңгеге сатып алады. Баға жақында бекітілді. Алайда, кейбір алыпсатарлар астықты Ресейден арзанға сатып алып, үстіне бағасын қосып, оны корпорацияға өзі өсірген өнім ретінде өткізетіндер де кездесетін көрінеді. Қазір бұл әрекеттің алдын алу мақсатында тиісті шаралар қолға алынуда.

Қайрат Омаров – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:


– Облыстың Ресеймен шекаралас 4 ауданында арнайы штаб пен мобильді топтар жұмыс жасайды. Олар көрші елден заңсыз астық тасымалдауды көздегендерді ұстайды. Мәселен, желтоқсанның 28-і осындай 6 жүк көлігін анықтап, оларды қайтарып жібердік. Шара басталғалы шекарадан заңсыз астық өткізудің 20 фактісі тіркелді.

Қаңтардың 15-інен бастап ендірілгелі жатқан бұл электрондық жүйе осындай олқылықтарды болдырмауға септеседі. Яғни, ол астықты мемлекеттік сатып алу үрдісін ашық әрі қолжетімді етеді.

 

Саят Ермек