Спорт

Велошабандозшылар 2017 жылды қорытындылады

Ең басты жетістік – 2017 жылы жалпыкомандалық есепте өңiр құрамасы алдыңғы орындардан көрiне білді. Осылайша, республикалық және халықаралық чемпионаттарда олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі шабандоздары 9 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль еншілепті. Ал Vino-Astana Motors құрамасы 11 республикалық және 13 халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Сонымен қатар, еліміздің ұлттық құрама командасына 22 солтүстікқазақстандық енсе, 6 шабандоз “Astana Pro Team” құрама командасының мүшесі атанған.

Сергей Кручина – СҚО велосипед спорты бойынша аға жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:


–  2017 жылдың қорытындылары ауыз толтырып айтарлықтай. Өткен жылы шабандоздарымыз Азия Чемпионатынан, сонымен қатар Таиланд, Украина, Корея, Иран, Шанхай елдерінде өткен түрлі жарыстардан жүлделі оралды. Әсіресе, Алексей Луценко, Артем Захаровты атап өтуге болады. Олар чемпионаттарда жоғары өнер көрсетті. ҚР спорт шеберіне 5 үміткер бар. Қазір велоспортшылар мектебінде 230-дан астам шабандозшы, ал Vino-Astana Motors-та 10 спортшы жаттығады.

Салтанатты жиынға үстіміздегі жылы жақсы өнер көрсетіп, биік белестерден көрінген велошабандоздар марапатталды. Олардың басым бөлігі – республикалық және халықаралық чемпионаттарда ел намысын арқалаған дарабоздар. Солардың бiрi Никита Кабачёк түрлi додаларда өңiр құрамасының жеңiске жетуiне зор үлес қосып келеді. Бүгін ол Маутинбайктан ҚР спорт шебері атағына ие болды.

Никита Кабачёк – велоспорттан ҚР спорт шебері:

– Биыл маутинбайктан өткен Қазақстан Республикасының ұлттық чемпионатында жеңіске жеттім. Сонымен қатар, жеңілістер де болды. Бұл дайындықтың аздығынан орын алды. Енді Азия Чемпионаты мен тамыз айында өтетін Маутинбайктан Әлем Чемпионатына дайындалып жатырмын.

Жас велошабандоздар да назардан тыс қалмады. Олар алғашқы жетістіктері үшін құрмет грамоталарымен марапатталды.

Қазір велоспортшылар ақпанның 8 мен 12-і аралығында өтетін Азия Чемпионатына дайындықтарын пысықтап жатыр.

Молдир Макишева