Қоғам

Шет елге шығу төлқұжатын рәсімдеу құны екі есеге өсті

Татьяна Делль:


– Ұлым спорттық акробатикамен айналысады. Халықаралық біріншіліктерге жиі қатысады. Ескі төлқұжатының уақыты біткен соң, жаңа паспорт жасату керек болды. Желтоқсанның басында өтініш беріп, оны шамамен 9000 теңгеге жаңарттық.

Биыл баға екі есеге өсті. “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” кодекске енгізілген өзгертулерге сәйкес 2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап шет елдерге шығуға мүмкіндік беретін төлқұжатты алу үшін 19 240 теңге шығындануға тура келеді.

Ермек Нұсырбаев – СҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бөлімше бастығы:

– Кодекстің 615 бабына сәйкес жеке басты куәландаратын Қазақстан Республикасы азаматының паспортын рәсімдеу құны 8 АЕК тең. Жеке куәлік алу үшін төленетін сома өзгерісіз – 481 теңгені құрайды. Бұдан басқа, тұрғылықты жері және уақытша болатын жері бойынша тіркелу биылдан бастап тегін жүргізіледі.

Бағаның екі есеге өсетінін естіп, ескі жылдың соңғы күндері төлқұжатты сол баяғы 9076 теңгеге рәсімдеймін деушілердің қатары күрт артқан екен. Сондықтан қалалық ХҚКО-дағы көші-қон полициясы бөлімшесінің жұмысын ұзартуға тура келіпті.

Ермек Нұсырбаев – СҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бөлімше бастығы:

– Желтоқсанның 29-ы мен 30-ы күндері төлқұжат жасауға өтініш білдіруші азаматтардың саны көп болғандықтан бөлімше жұмысын 1,5 сағатқа ұзартуға тура келді. Паспорт жасатуға келгендерге екі күн бойы қызметкерлер кешкі сағат 8-ге дейін қызмет көрсетті. Бүгінде жұмыс кестесі қалыпты.

Тағы, төрт дөңгелекті темір тұлпарын әдемі нөмірмен әрлеуді көздеген ауқаттыларға да айтар жаңалық бар. Жаңа жылдан бастап автокөліктерге арналған ерекше мемлекеттік нөмірлердің бағасы да біршама қымбаттап отыр. Нөмірдегі сандар мен әріптердің үйлесімі үшін енді 285 АЕК көлемінде қаражат төлеу керек. Бұл шамамен 685 мың теңге.

Саят Ермек – тілші:


– Айта кететін жәйт, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда 1 АЕК құны да өсті. Өткен жылы ол 2269 теңге болса, биылғы жылы 2405 теңгені құрап отыр. Бұл былтырғыдан 6 пайызға жоғары.

Саят Ермек