Базалық зейнетақы көлемі де артқан. Ол – 15274 теңгеге жетіпті. Тағы биылғы жылы аталмыш жүйеде орын алған жаңашылдықтың бірі – әйелдердің зейнетақы жасының арта бастауы.
Арай Нұғыманова – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Қазіргі кезде базалық зейнетақы бәріне бірдей берілсе, алдағы уақытта ол еңбек өтіліне байланысты төленеді. Егерде зейнеткердің екі жүйедегі еңбек өтілі 33 жылдан асса, онда зейнетақы 100 пайызды құрайтын болады.
Өңірімізде 103 мыңнан астам зейнеткер бар. Ақша қосылады дегенді естіп, қуанған аға буын өкілдері демалыстан кейінгі алғашқы жұмыс күні-ақ, зейнетақыларын алуға асығуда. Кей зейнеткерлер үшін бұл қуанышты жаңалық болса, енді біреулері қосылған қаржы жыртыққа жамау болмайды деп отыр.
– Осыған дейін 42 мың теңге алып келсем, енді 50 мыңға жуық алатын болдым. Жылда қаржы қосып тұратыны әрине жақсы.
– Әрине жақсы. Бірақ коммуналдық қызметтер бағасы мен азық-түлік құны да бір орында тұрған жоқ. Олар да күн санап өсіп жатыр. Ақша қосылғанда осы да ескерілсе екен.
– Зейнетақыны тосып жүрміз. Мерекеден кейін бұл жақсы жаңалық болды. Бірақ кейде сол ақша дәрі дәрмек, азығыңа жетпей жатады.
Зейнетақы мен қоса, бірқатар әлеуметтік төлемдердің мөлшері де өсіп отыр.
Арай Нұғыманова – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Арнайы мемлекеттік жәрдемақылар мүгедектігі, асыраушысынан айырылу бойынша төленетін қаржы да күнкөріс минимумуына сай өсті. Олар 15 пайызға дейін көбейеді.
Ал биылғы жылдан бастап күнкөріс минимумы 28 284 теңге болып бекітілді.
Молдир Макишева