Балалар

Иппотерапияның пайдасы зор

Сандуғаш Молдағалиева – Шәмiл Шақшақбаев атындағы тiрек – қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат үйiнің тәрбиеленушісі:


–  Маған «Ворон» атты жылқы ұнайды. Ол сондай сүйкімді. Мен осында 3 жылдан бері келіп жүрмін. Және ылғи сол бір атпен серуендеймін. Жалпы маған мұнда келген ұнайды.

Сандуғаштан бөлек, мұнда интернаттың тағы 18 тәрбиеленушісі келеді екен. Оларға жылқыға мініп, серуендеген ұнайды. Ал бүгін оларды тағы бір тосын сый күтіп тұр. Взводтағы қамбар ата төлдерінің қатарын 2 жасар пони толықтырыпты. «Ласточка» деп аталатын бұл жануар бірден балалардың көзайымына айналды. Балғындар оның қасынан шықпай, мініп,серуендеу үшін кезекке тұрды.

Алдағы уақытта осындай жануарлардың қатары тағы біреуімен толығады. Сөйтіп, 2 пони және 15 жылқы балалардың иппотреапия курстарынан өтуіне сеп болмақ. Жалпы мұндай курстардың ашылғанына 2 жылдың жүзі болыпты. Бұл жерге аптасына үш рет 15-20 баладан келеді екен. Мамандардың айтуынша, аталған ем-дом шараларының пайдасы зор.

Татьяна Лузакова – Шәмiл Шақшақбаев атындағы тiрек – қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат үйiнің директоры:

 


–  Курстардан соң балалар өте көңілді болып қайтады. Оларға жылқылар ұнайды. Және тірек қимылы зақымданған балалардың денсаулықтарында оң өзгерістер байқаймыз. Олардың қозағылыстары жеңіл бола түседі. Әрі ширайды. Отадан кейін оңалту шараларына да осында келеміз. Жалпы пайдасы зор.

Айта кету керек, бұл сыйлықты бүлдіршіндерге облыс әкімі жасаған. Осыған дейінгі кездесулерде олар мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайлылығы үшін пони сұрапты. Өйткені мүгедек балалардың жылқыға отыруы сәл қиындау екен. Балғындардың тілегі Жаңа жыл қарсаңында орындалды.

Магжан Ахмадина