Қоғам

Бірқатар мамандар Жаңа жыл мерекесін жұмыс орнында қарсы алады

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы даярлықтарын осылай ара-тұра пысықтап тұрады. Оларға оқиға орнына жиналып шығуға 2 минут жеткілікті.

Ораз Каршалов – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– Жедел-құтқару жасағының мамандары қала бойынша оқиға орнына 8-10 минутта жетеді. Ал аудандарға жету уақыты жолдың алшақтығына байланысты.

Жасақтағы 4 маманның кезекшілігі Жаңа жыл мерекесіне түсіп тұр. Солардың бірі – Таир Мадиев, есіктерді ашып, жапырылған көліктерден адамдарды алып шығуға машықтанған. Кез келген сәтте көмекке әзір маман дегенмен, мерекенің ың-шыңсыз өтуін тілейді.

Таир Мадиев – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушысы:

– Әсіресе, балалар мен қариялар үйдің ішіне қамалып, сыртқа шыға алмай қалады. Құтқарған сәтте олардың жүзінен үйрей, қорқынышты көремін.

Мерекенің көрігі қызғанда ішкі істер органдарының мамандары да кезекшіліктерін үзбейді.

Тапанша, бейнетіркегіш, жетон және рациямен жарақталған жерлесіміз Олжас Файзулин дәл осылай Жаңа жыл түнінде қала ішіндегі тыныштықты күзетуге шығады. Ол өзге әріптестері секілді мереке күндері жұмысқа шығуға дағдыланып алыпты.

Олжас Файзулин – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ жол-патрульдік полиция батальонының қызметкері:

– Мереке күндері қоғамдық орындарда адамдар көп жүреді. Соған байланысты қауіпсіздік күшейтіледі. Мен осымен 2 -ші рет Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алатын болдым.

Жаңа жыл мерекесінде өңір дәрігерлері де тыным таппайды. Әсіресе, штаттан тыс жағдайлар туындаса, жедел медициналық жәрдем және санитарлық авиация қызметтері шұғыл шақыртуларға шығады.
Акушер-дәрігерлер де мереке, демалыс күндеріне қарамай, ай-күні жақындаған келіншектерді аман-есен босандырып алудың амалымен жүр. облыстық перинаталдық орталықта 17 жыл қызмет етіп келетін Наталья Клебан тағы бір жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алуға тура келеді. Алайда ақ халатты абзал жан осындай ерекше түні балалы болған аналардың қуанышына ортақтасудың өзі бір бақыт дейді.

Наталья Клебан – облыстық перинаталдық орталығы босану бөлімінің меңгерушісі:


– Көп жылғы тәжірибеме сүйеніп айтсам, Жаңа жыл түнінде перинаталдық орталықта 10 сәби дүниеге келеді. Ол күн біз үшін әдеттегідей жұмыс күндерінің бірі болады. Демалыс уақытында перинаталдық орталықтың 10 дәрігері кезекшілік атқарады. Бізге қуанышты сәбилі болған келіншектер мен олардың туысқандары сыйлайды. Пациенттермен өткізген бақытты сәттерді еске алып, өзімді ара-тұра жұбатып қоямын.

Наталья Клебан өткен жылдары желтоқсанның 31-інен 1-іне қараған түндері 6 келіншекті босандырып алыпты. Айту керек, өтіп бара жатқан 2017 жылы облысымызда барлығы 7 мыңға жуық сәби дүниеге келді.
Демалыс күндері мерекені тойлаушылар үшін телеарналардан жаңа жылдық бағдарламалар да үздіксіз көрсетіледі. Осы орайда муниципалдық телеарнаның шығарушы операторлары да кезекшілікпен жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Берік Қасен